Шымкентте сенімгерлік басқаруға берілген мекемелердің жұмыс сапасы тексерілді
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сенімгерлік басқаруға берілген медициналық ұйымдарға арнайы барып, қызметін тексерді.

Шаһар басшысы алдымен 2021 жылы «АУХАЛ» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына өткен қалалық №2 емхананың материалдық жабдықталуындағы өзекті мәселелерді қарастырды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Екі блоктан тұратын емханада ересектерге және балаларға медициналық қызметтер көрсетіледі. Мұнда қазір 400-ге жуық адам жұмыс iстейдi. Олардың арасында 108 дәрігер, 230 орта медициналық қызметкер бар.
Тиісті қаражат бөлінбегендіктен, бүгінде медициналық ұйымның материалдық-техникалық базасы төмендеп, қондырғылардың тозығы жетіп, істен шыққан. Бұл келеңсіздіктер халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына кері әсер ететіні белгілі. Осыны ескерген қала басшысы жауаптыларға аталған емхананы шұғыл түрде заң шеңберінде, сот тәртібімен мемлекет балансына алуда тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша тапсырма берді.
Қала әкімі денсаулық сақтау басқармасына қарасты Залалсыздандыру орталығында да болып, оның материалдық жабдықталуын қарап шықты. Мекеменің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында осыдан екі жыл бұрын сенімгерлік басқару жөнінде келісім-шарт түзілген болатын. Тәулік бойына жұмыс істейтін кәсіпорын қазір Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы медицина ұйымдарының құралдары мен бұйымдарын залалсыздандырады. Мұнда бүгінде 86 адам жұмыс істейді.
Қала әкімі сала басшысына Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе келісім-шартты қайта қарап, орталықтың материалдық базасын нығайтуды, қызметтік автокөліктерді жөндеуден өткізуді қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Негізінен алып қарағанда, мекемелерді сенімгерлік басқаруға берудің тиімді тұстары бар. Мәселен, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын коммуналдық кәсіпорындарды осындай басқаруға берген соң мемлекет қазынасының қаржысы үнемделеді. Сондай-ақ басқаруға алған кәсіпкер жұмыс сапасын арттыру үшін қызметке тамыр-танысты емес, қабілеті бар адамдарды іздейді. Ол мамандарды арнайы оқытуы да мүмкін. Өйткені оның әр кадры ақша табады. Яғни кәсіпкер өзі үшін жұмыс істейді. Мұнан соң ол өз бизнесін дамытуға мүмкіндік алады. Бұл жерде, әрине, халыққа көрсетіліп отырған қызмет сапасын төмендетуге жол берілмейді. Себебі, мекеме сенімгерлікке немесе жекеменшікке берілген кездің өзінде оның жұмыс сапасы мемлекеттің бақылауында болады. Нақтырақ айтсақ, мемлекет тарапынан қандай да бір мекемені жекеменшікке беру барысында заң шеңберінде белгілі бір талаптар қойылады. Егер сенімгерлік басқарушы сол талаптарды орындамайтын болса, келісім-шарт бұзылып, мекеме мемлекетке кері қайтарылады.
