Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкентте қуыршақ және жасөспірімдер театрына қолдау көрсетіледі

Шаһар басшысы театрды жабдықтау мәселесін шешуді тапсырды.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков биыл 40 жылдығын атап өткен қуыршақ және жасөспірімдер театрына барып, оның жұмысымен танысты.

Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Екі бағытта қызмет көрсететін мәдениет ошағында балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдар қазақ, орыс тілдерінде ұсынылады. Өзіндік тарихы бар театрда қырық жылдың ішінде 500-ден астам қуыршақ жасалып, 160-тан астам қойылым қойылған. Жыл сайын 103 мың көрерменге 414 қойылым, 10 премьера көрсетіледі. Мұнда бүгінде 87 қызметкер жұмыс істейді, оның 38-і шығармашылық мамандары.

Театр әртістері 40 жылдық мерейтойына орай «Шымкенттен шашу» атты гастрольдік сапары аясында 40 қалада өнер көрсетті. Шығармашылық ұжым VІ Халықаралық «Ортеке», Халықаралық «Кукляндия», «Құралай», Солтүстік Македонияда өткен «СТОБИ -2023» және Тәжікстан Республикасындағы «Чодари хаел» қуыршақ театрлары фестивальдеріне қатысып, «Ең үздік балалар қойылымы», «Ең үздік қуыршақ спектаклі» номинацияларының иегері атанды.

Қала әкімі жауаптыларға театрға қолдау көрсету мақсатында залдарды сапалы жарықпен және заманауи орындықтармен қамтамасыз ету үшін бюджеттік өтінімге ұсыныс енгізу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры (2018 жылға дейін "Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры" деп аталды) – балалар мен жас көрермендерге арналған мәдени-сахналық ұжым.

Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры 1983 жылдың жазында, сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың қолдауымен ашылды. Театр бастауында директор Николай Мустакиди, бас режиссер Бекболат Парманов және бас суретші Маяра Дәуренбаева болды. Олардың шақыруы бойынша Алматы мен Ленинград қалаларынан театр, музыка және кино институттарының түлектері келді. Алғашқы театр маусымы 1984 жылы Г. Ландаудың "Ку-ка-ре-ку!" спектаклімен ашылды. Оның ізімен Н. Гернеттің "Гусенок", "Волшебная лампа Алладина", Н. Оспановтың "Мұңлық–Зарлық" спектакльдері пайда болды. Осы қойылымдарын театр ұжымы Ташкент, Чкаловск, Ленинабад қалаларына барған гастрольдік сапарларында көрермендерге ұсынды.

Театрда директорсыз, көркемдік жетекшіcіз қалған кездер де кездесті. Осындай жағдайда Валентин Малюченко жұмысты әрі қарай жалғастырып әкетті. Бас режиссерлікке тағайындалған Тастан Өтебаевтың қойылымдары әлі күнге дейін көрермендердің қызығушылығын туғызып келеді.

Бүгінде театр репертуарындағы спектакльдер Тараз, Астана, Байқоңыр қалаларына шыққан гастрольдік сапарларда көрсетілуде. Сонымен қатар театр аудандарға барып, балалар үйлерінің жеткіншектерін қайырымдылық спектакльдерімен қуантып жүр.

0
0
366

Осы тақырып бойынша

Шымкентте қуыршақ және жасөспірімдер театрына қолдау көрсетіледі - Yvision.kz