Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкентте қысқа дайындық және қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Күнгейдегі мегаполистің қысы аса қатты болмайтыны мәлім. Бірақ бұл суық мезгілге дайындықсыз келе беру керек дегенді білдірмейді. Қыстың қамын жаз ойлаған Шымкент билігі көптен бергі әзірлікті тағы бір електен өткізіп алуды жөн көріпті.

Қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жоспарлы комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде осы бағыттағы бірқатар шаралар пысықталды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қыс маусымында халықты, қала аумағындағы мекемелерді сапалы табиғи газбен, жылумен, электр қуатымен қамтуда, оқыс жағдайларды алдын алуда атқарылған жұмыстар пысықталды. Сондай-ақ жауаптылар көлік жолдарындағы қозғалысқа қолайлы жағдай жасау бағытындағы шараларды баяндады.

Көп қабатты тұрғын үйлер мен жеке ғимараттарда сирень-сөйлеу құрылғыларын орналастыру, пиротехникалық заттарға қатысты қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстары қарастырылды. Сонымен қатар, комиссия отырысында қала аумағындағы хостелдердегі өртке қарсы қауіпсіздік мәселелері баяндалып, құзырлы органдарға келеңсіздіктерді алдын алуда нақты тапсырмалар берілді.

Комиссия отырысында қала халқының қауіпсіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерді шешуде, төтенше жағдайлардың алдын алуда шұғыл түрде шаралар қабылдау бойынша бірқатар тапсырма жүктелді.

Сондай-ақ шаһарда мамандар көшелерді қардан тазартуға да сақадай сай болып дайын отыр. Бұл жұмыс нақты жоспарға сәйкес ұйымдастырылмақ.

Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік тарапынан қысқы маусымға 155 арнайы техника әзірленген. Яғни өткен жылмен салыстырғанда қар күреуге арналған техникалар саны 87 данаға ұлғайтылыпты. Ал инертті материалдардың жалпы қоры мынадай: құм - 31594 текше метр, тұз - 6690 тонна.

Жалпы, қар күреу жұмыстары әр аудан бойынша төрт бағытпен атқарылмақ. Сол бағыттардың әрқайсысы қанша көшені қамтитыны, олардың жалпы ұзындығы неше шақырым екені, неше техника пайдаланылатыны түгел нақтыланып қойған. Мысалы, Абай ауданында 27 арнайы техника, әл Фараби ауданында 23 арнайы техника, Еңбекші ауданында 21 арнайы техника, Қаратау аданында 27 арнайы техника жұмылдыру жоспарланып отыр.

Енді күнгейдегі мегаполис тұрғындарының кеше басталған қыс мезгілінде әлдеқандай қиындықтарға тап болмайтынына сенім мол.

0
0
171

Осы тақырып бойынша

Шымкентте қысқа дайындық және қауіпсіздік мәселелері талқыланды - Yvision.kz