Шымкентте жаңа гүлзар ашылды
Шымкент қаласының Еңбекші ауданындағы Жібек жолы және Сайрам көшелерінің қиылысында тағы бір жаңа гүлзар ашылып, пайдалануға берілді.

Жаңа әлеуметтік нысан кәсіпкерлер есебінен салынып отыр. Аумағы 1,1 гектар гүлзарда тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзардың ашылуына қатысып, тұрғындармен кездесті.

Аталған ауданда 2022 жылы «Қазақстан-Түркия достығы» саябағы тұрғындар игілігіне берілген еді. Биыл тағы бір жаңа гүлзар тұрғындарға қуаныш сыйлады. Жаңа нысан – BI group компаниясының қалаға жасаған тартуы. Жұмысшылар құрылысты 1,5 ай ішінде, қала күніне орай аяқтады.
Жаңа аллея BIG TULIP атауын иеленген.
Tulip түркі тілінде «қызғалдақ» деген мағына береді. Аллеяға кіреберістегі 5 қызғалдақ түнде жарқырап, қаланың көркін артырады.

Аталған компания өкілі Қайрат Қуанышбаевтың айтуынша, қыркүйек айында тағы бір жоба жүзеге асырылмақ.
Бұған дейін заңсыз сауда нысандары болған аумақ осылайша абаттанған орынға айналды. Қала әкімі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары одан әрі жалғаса беретінін айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, мұндай нысандарға бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бәрі де кәсіпкерлердің өз бастамасымен сый ретінде салынуда. Осы іске үлес қосқан сіздерге де рақмет. Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Жақсы орындар көбейе берсін. Енді осы нысанды өздеріңіз күтіп-ұстаңыздар. Жалпы халықтың да тазалыққа деген санасы өзгеруі керек. Қазір қалада субұрқақтардың ескірген насостарын ауыстырып жатырмыз. Жақын арада оны да іске қосамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен кездесуде.
Өз кезегінде қала тұрғындары да шаһар басшысына ризашылығын айтты. Осындай жаңа гүлзарлар көптеп ашылғалы жастардың, жалпы тұрғындардың тазалыққа деген ойы өзгере бастаған.
Қызғалдақ – қаламыздың символы. Big Tulip атауы осы әдемі гүлге адамдардың назарын аудару мақсатында қойылған.
