Шымкентте жасөспірімдерге қатысты қылмыстың алдын алу үшін 72 мобильді топ құрылған
Күнгейлік мегаполистегі прокуратура өкілдері жастар арасында болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жастармен кездесті.

Шымкент қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттермен арнайы кездесу өтті. Іс-шараға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, прокуратура қызметкерлері, белгілі спортшылар қатысты. Онда кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, прокуратура қызметкерлерінің атқарылып жатқан жұмыстары талқыланды.

«Статистикаға сүйенсек, қала аумағында жастар арасындағы құқық бұзушылық жағдайлары алдыңғы жылмен салыстырғанда өскен. Бұл ұрлық, алаяқтық, балаларды азғындық жолға түсіру қылмыстарының жасау фактілеріне қатысты болып отыр. Осыған байланысты жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу профилактикасы бойынша қала аумағында 72 мобильді топ құрылды. Мобильдік топтардың негізгі міндеті – жұма, сенбі, жексенбі күндері түнгі рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Мектеп оқушыларымен кездесу арқылы қиындыққа тап болған жастарға көмек беріледі», – деді Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев.
Қайсар Қалдыбаевтың айтуынша, мобильді топтар биыл 374 түнгі рейдтік іс-шара жүргізіп, салдарынан 4 557 кәмелетке толмағандар анықталып, оларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Бұдан бөлек, қала прокуратурасы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция, әлеуметтік қызметкерлер және педагогика, психологтармен бірлесіп полиция басқармасында есепте тұрған жасөспірімдермен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Сондай-ақ Шымкентте сот саласының мамандары да жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға қатысты түрлі іс-шаралар өткізіп жүр.
Атап айтсақ, биыл қазан айында «Білім – инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернатында «Жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықты болдырмау және алдын алу профилактикасы» тақырыбында семинар ұйымдастырылып, оған Шымкент қаласы сот әкімшілігі баспасөз қызметінің басшысы Мәдина Атаева, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының әкімшісі Қайырбек Абуов, Шымкент қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының әкімшісі Ерік Сихымбаев, Тұран ауданы полиция бөлімінің өкілдері және басқалар қатысты.
Семинарда жоғары сынып оқушылары мен кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстар мен оларға қолданылатын жазалар туралы мәселелер талқыланып, сұрақтарға жан-жақты жауап берілді.
