Шымкентте жоғары технологиялық медициналық көмек дамып жатыр
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жоғары технологиялық медициналық көмек қарқын алды.

Жалпы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылдан бастап енгізіліп, жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Осы жүйе енгізілгеннен бері медицина саласында айтарлықтай артықшылықтар сезіле бастады. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсті.
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек мәлімдеді.

«2019 жылмен салыстырғанда 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 169 039,2 теңгеден 455 410 теңгеге, орта буын медициналық қызметкерлерінің жалақысы 111 967,4 теңгеден 245 063,05 теңгеге өсті», – деді ол.
Жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) қарқын алды.
- Ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында (инсульт, аневризма) экстра және интракраниалды операциялар жасалуда;
- Жүрек ауруларына қатысты эндоваскулярлық және ашық жүрекке операциялар жасау мүмкіндігі қарқынды дамуда.
ЖТМК көрсететін медициналық ұйымдар саны 2019 жылы үшеу болса, 2023 жылы олардың саны 10-ға жетті. Жоғары технологиялық медициналық көмек алғандар саны 2019 жылы 134 адам болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 9,6 есеге артқан. Оның ішінде, экстркорпаралды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы 2019 жылы 15 әйел балалы болса, 2021 жылы 578 әйел, 2022 жылы 887 әйел, ал 2023 жылы 344 әйел босанып, 336 нәресте дүниеге келген.
МӘМС жүйесі енгелі қарқынды дамып жатқан бағыттардың бірі – трансплантология (бүйрек, бауыр трансплантациясы, алғашқы рет жүрек трансплантациясы).
Реабилитациялық көмек көрсету деңгейі де жоғарылап жатыр.
Ересектер мен балаларға оңалту емі 2 есеге артқан. Оңалту ем шараларының да түрлері ұлғайған. 2019 жылы кардиологиялық, кардиохирургиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары 12 медициналық мекемеде жүргізілсе, 2022 жылы травматологиялық, пульманологиялық бағыттар қосылып, 20 медициналық мекемеде оңалту ем шаралары жүргізілуде. Бұл бағытты қаржыландыру 729 782 170,68 тенгеден 2 864 236 186,17 тенгеге өсті. Одан бөлек амбулаториялық 134 913 оңалту шараларына 152 155 953,70 тенге қаражат қарастырылды.
Қымбат тұратын КТ, МРТ диагностикалық қызметтері 2020 жылға дейін тек 8 түрлі әлеуметтік осал топтағы азаматтарға тегін болса, қазір барлық сақтандырылған тұрғындарға тегін көрсетілуде.
Сондай-ақ брифингте еліміздің аумағына уақытша келген шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері МӘМС жүйесінде қазақстандық азаматтармен бірдей құқықтарды пайдаланатыны және міндеттер атқаратыны (ҚР "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңының 3-бабының 2-тармағы) айтылды.
