Шымкенттік мамандар обыр ауруларына қатысты көкейтесті сұрақтарға жауап берді
Бұл үшін мамандар баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Аталған мәселе бойынша қарапайым тұрғындарға да түсініктеме берілді.

Шымкент қалалық онкологиялық орталығында ұйқы безі, тері, сүт безі, өкпе обырларының алдын алуға бағытталған баспасөз мәслихаты өтті. Орталық дәрігерлері мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға жауапты мамандар обыр ауруларын емдеудің жаңа әдістері мен дерттің алдын алу жолдарын баяндады.
Мақсат – ауруды бастапқы кезеңде анықтап, тез арада емдеу жұмыстарын атқару болып табылады. Халықтың өмір сүру жасын ұзарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жиында обыр ауруларымен күрес шараларымен қатар тақырып аясындағы тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берілді.
Айта кетейік, орталықта профилактикалық мақсатта ұйымдастырылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде қазір ауруды алдын алу, зардабын жоюда нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
Мысалы, жақында Шымкент қалалық онкологиялық орталығында өкпе қатерлі ісігінің алдын алу және ерте анықтау мақсатында Ашық есік күні өтті. Оған тексерілуге 41 адам келіп, оның ішінде 1 адамда қатерлі ісікке күмән бары анықталған. Сондай-ақ қатерсіз ісік 6 адамнан, басқа да аурулар белгілері 34 адамнан табылды. Оған дейін 13-17 қараша аралығында 138 адамға КТ МРТ тексерілуге тегін жолдама берілген еді. Орталық тарапынан қатерлі ісіктің өршуін және одан келетін қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шаралар ұдайы ұйымдастырылып отырады.
Ал 31 қазанда Шымкентте МСАК (Медициналық-санитариялық алғашқы көмек) дәрігерлеріне арналған "МСАК деңгейінде лимфопролиферативті ауруларды ерте анықтау. Аймақтық гематологиялық қызметпен өзара әрекеттесу аспектілері" тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өткізілді. Іс-шараға жалпы тәжірибе дәрігерлері (ЖТД), терапевттер, невропатологтар, рентгенологтар, онкологтар мен гематологтар және басқа да медицина мамандары қатысты. Семинарды өткізудің мақсаты – емхана дәрігерлерінің бастапқы буыны үшін гематологиялық аурулары бар пациенттерді ерте анықтау, онкогематологиялық ауруларды өткізіп алуды болдырмау, сондай-ақ МСАК дәрігерлерінің гематологтармен өзара іс-қимылын жақсарту. Семинарда гематологияның жетекші мамандары сөз сөйлеп, өз білімдері мен тәжірибелерімен аудиториямен бөлісті. Дәрігерлер клиникалық жағдайларды талқылады, лимфопролиферативті аурулардың алғашқы белгілерін тануды үйренді және диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін талқылады.
