Шымкенттік оқушылар «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында үйірмеге қатысып, спортпен шұғылдануда
Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз мәслихатына қатысып, шаһардағы білім беру мекемелеріне «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» енгізу барысы туралы сөз қозғады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан қаласында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбындағы екінші Ұлттық құрылтай отырысында: «Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Ұлтымыздың бірегейлігі бұл – оның табысты болуы деген сөз. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс» дей келе, адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы қажеттігін, ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасатынын, осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болатынын нақты атап өтті», – деді үшінші мегаполистің бас ұстазы.

ҚР ОҚу ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» құжатының басты мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу.
Осы бағыттағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласы бойынша «Төрт тоқсан –төрт өнер», «Тоғыз ай, тоғыз іс-шара», «Оқуға құштар мектеп» жобалары аясында 150-ден астам іс-шара өтті.
Тәрбие бағытында жоғарыда аталған 7 Жоба барлық білім беру мекемелері мен колледждерде жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Білім беру мекемелеріндегі 258 547 оқушының, бүгінде, 210 301-і «Біртұтас тәрбие бағдарламасымен» қамтылып, олар түрлі үйірмелерге қатысуда.
Сондай-ақ осы бағдарлама аясында күнделікті 11 мыңнан астам бала спортпен шұғылданып жатыр.
Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты білім беру мекемелерінде 159 спорт зал, 154 спорттық алаң, оның ішіндегі 105 қазіргі заманауи алаңшалары бар. Жалпы бір күнде 11550 оқушы спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанып отыр.
Нұргүл Шәмшиеваның айтуынша, 1600-ден астам дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің жұмылдырылуымен қосымша үйірме жұмысы есебінде волейбол, баскетбол, футбол, баскетбол, гандбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, таеквандо, каратэ-до, қазақша күрес, асық ату, бес асық, футзал, жеңіл атлетика гимнастика және тағы басқа спорт түрлері бойынша үйірме жұмыстары жүргізілуде.
