Шымкенттік студенттер біліктілік сайысында жүлделі орынға ие болды
Астанада Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Талап» қоғамы ұйымдастырған WorldSkills Kazakhstan – 2023 VIII Республикалық чемпионаты мәресіне жетті.

Өңірлік сайыстардың жеңімпаздары үш күн бойы 30 құзырет және 7 бағыт бойынша бақ сынасты. Салтанатты марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.
«WorldSkills Kazakhstan – бұл жұмысшы мамандықтарын меңгерген студенттер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын ауқымды чемпионат. Осындай шараның арқасында еліміздегі жетекші компаниялармен ынтымақтастық орната аласыздар. Әлемдік рейтингтегі позиция да айтарлықтай нығайып келеді. Биыл біздің студенттер EuroSkills Gdansk турнирінің тарихындағы ең жақсы нәтижеге қол жеткізіп, екі медаль мен төрт «Үздік медальон» жеңіп алды. Жұмысшы мамандықтарының өкілдері - еліміздің күш-қуаты. Сондықтан да Мемлекет басшысының қолдауымен жыл сайын техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс ұлғайып, колледж студенттеріне жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді», – деді министр.
Ал шымкенттік жастар кәсіптік және жұмысшы мамандықтарының дәстүрлі чемпионатына 2016 жылдан бері қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Биыл шымкенттік 30 студент 29 құзырет бойынша сынға түсті. Олардың ішінде электр монтаждау, бизнеске арналған ІТ шешімдер, кірпіш қалау, мобильді робототехника, мехатроника, шаштараз және тағы басқа құзыреттер бар.
Үшінші мегаполис құрамасы 29 құзырет бойынша 5 алтын, 2 қола медальді және 11 ерекше медальонді иеленді. Нәтижесінде Шымкент командасы Абай облысы мен Алматы қаласынан кейін үшінші орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ кәсіби біліктілік сайысының барлық қатысушысы WeDoEducation-нен таңдаған түрлі салалардағы кез-келген мамандық бойынша білім алу үшін гранттарға ие болды.
«WorldSkills Kazakhstan 2023» VIII республикалық чемпионаты 2023 жылдың 23-25 қарашасы аралығында өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 545 студент пен 510 сарапшы қатысты. Сайыс қатысушылары 30 құзырет бойынша жұмыстарын таныстырды. Олардың ішінде кірпіш қалау, құрылыс және сылақ, сантехника мен жылу жүйесі, графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиясы, кондитер, шаштараз ісі, мейрамхана сервисі және тағы басқалар болды.
Елімізде 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл чемпионаттың мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту. WorldSkills кәсіптік білімнің дамуына оң әсерін тигізеді. Оған 22 жасқа дейінгі колледж және университет студенттері, білікті жас мамандар, сонымен қатар, танымал мамандар, кәсіпқойлар, өндірістік оқыту шеберлері мен тапсырмаларды орындауды бағалайтын сарапшы ретіндегі нұсқаушылар қатысады.
