Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкенттік жас боксшы әлем чемпионы атанды

Армения астанасы – Ереванда бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті.

Байрақты бәсекеде шымкенттік спортшы Нұрасыл Төлебек алтын медальға қол жеткізді. Ол 54 келі салмақта бақ сынап, тұғыры биік жеңіс жолында 4 қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Нұрасылдың финалда үндістандық Жатин Жатинмен жұдырықтасқанын айта кеткен жөн. Бұл жекпе-жектің қорытынды есебі қазақстандық спортшының пайдасына 4:1 болды.

Әлем чемпионы атанған Нұрасыл Төлебек — Шымкент қаласы Бокс клубының шәкірті. Оны осы клубтың бапкері Думан Байтелиев жаттықтырады.

Айта кетейік, 58 мемлекеттен 357 былғары қолғап шебері қатысқан дүбірлі додада Шымкент қаласынан 3 спортшы ел намысын қорғады.

Бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты кеше, яғни 4 желтоқсанда аяқталды. Оның қорытындысы бойынша қазақстандық команда төрт алтын, алты қола медальды жеңіп алып, жалпы есепте төртінші орынға ие болды. Алтынды қыздар арасында Аяжан Сыдық (54 келі), Толғанай Қасымхан (60 келі), Айсұлу Мұхит (66 келі), ұлдар арасында Нұрасыл Төлебек (54 келі) алған.

Жалпы, күнгейдегі мегаполисте спортқа әкімдік тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе, жастарды боксқа баулу жақсы жолға қойылған. Спорттың осы және басқа түрлері бойынша пайдалануға берілген нысандар көбейіп келеді.

Биыл жазда ғана 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні мерекесіне орай Шымкент қаласының Еңбекші ауданында елімізге танымал боксшы, 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің спорт залы ашылған болатын. Оның ашылу салтанатына бокстан еліміздің даңқты спортшылары келіп қатысып, жергілікті тұрғындарды осы жаңа спорт нысанының болашақ чемпиондар тәрбиелейтін орталыққа айналатынына сенім білдірген еді. Еркебұлан Шыналиевтің өзі де бұл залды сондай мақсатпен ашып отырғанын жеткізді.

«Балалардың спортқа деген ынтасы жоғары. Ата-аналар да оларды үнемі қолдайды. Жаттықтырушылар да жеткілікті. Осыған дейін Көксай елді мекенінде спорт залы болмаған. Сондықтан осындай спорт залын ашуды жөн көрдік. Ауданның балаларын бір орталыққа жинап, бокс, дзюдо, каратэ, таэквандодан жаттықтырсақ деген мақсатымыз бар», – дейді олимпиада жүлдегері.

Шемкентте биылғы жазға дейін 1077 спорт нысаны тіркелген (оның ішінде дене шынықтыру және спорттық мәндегі – 521, білім мекемелерінде – 503, спорт мекемелерінде – 53). Сол 1077 спорт нысанының 150-і жеке меншікте.

0
0
194

Осы тақырып бойынша

Шымкенттік жас боксшы әлем чемпионы атанды - Yvision.kz