Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкенттік жастар 16 күндік акция аясында флешмоб өткізді

Бұл акцияға үшінші мегаполис тұрғындары басталған күннен үн қосып келеді.

«Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» Шымкент қаласының жастары Әл-Фараби алаңында осындай атаумен флешмоб өткізді. Іс-шара еліміздің ішкі істер министрлігінің нұсқауымен жүргізіліп жатқан «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы аясында өтті.

«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған флешмобқа полиция департаменті, прокуратура, білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, 5 аудан әкімдігінің қызметкерлері, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері мен қала жастары қатысты», – деді Шымкент қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызмет басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, аға лейтенанты Жаңыл Спанова.

Әл-Фараби ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Есенгелді Әкімбекұлының айтуынша, 344 әкімшілік хаттама толтырылған. Қазіргі таңда тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстар күшейтілген.

Елімізде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы 25 қарашада басталған еді. Бұл республикалық іс-шара 10 желтоқсанда, яғни алдағы жексенбіде аяқталады. Оған о бастан шымкенттіктер де барынша үн қосып жатыр.

Мысалы, аталған акция басталып жатқанда оның аясында Шымкент қаласының полиция департаментінде жергілікті атқарушы органдар мен бірқатар жауапты мамандардың қатысуымен дөңгелек үстел өткен болатын. Онда үшінші мегаполисте тұрмыстық зорлыққа қатысты соңғы жарты жылдың ішінде 3 мыңға тарта әкімшілік хаттама толтырылғаны, олардың ішінде 400-ден аса азамат қамауға алынып, 66 іс соттың қарауына жіберілгені айтылды. Сондай-ақ жиынға қатысушылар 16 күндік іс-шараның осы тұрғыдағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуда маңызы зор екенін атап өтті.

Айта кетейік, өткен жазда президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керектігін мәлімдеген еді.

«Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді», – деген болатын мемлекет басшысы.

0
0
200

Осы тақырып бойынша

Шымкенттік жастар 16 күндік акция аясында флешмоб өткізді - Yvision.kz