Тоқаев Си Цзиньпинді әуежайда қарсы алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді Астана әуежайында қарсы алды.
«Мәртебелі қонақты салтанатпен қарсы алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Балалар Төраға Си Цзиньпин бастаған ҚХР делегациясына ілтипат білдіріп, қытай тілінде ән шырқады», – деп хабарлайды Ақорда.

Бұл сапар барысында жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіліп, маңызды құжаттарға қол қойылады деп жоспарланған.
Си Цзиньпин осы жолы Тәжікстанға да мемлекеттік сапармен бармақ.
Айта кетейік, 3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтеді. Осы жиыннан кейін ШЫҰ-ға ротациялық тәртіппен Қытай төраға (2024–2025 жылдары) болады.
Сарапшылар бұл саммиттің аса маңызды екенін, ұйымға мүше барлық елдердің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуге үлкен үлес қосатынын айтуда.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына қазір 9 ел мүше. Олар – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран және Ресей.
