Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Туризмді мұнай мен газдан кейінгі табыс көзіне айналдыруға болады

Күнгейдегі мегаполисте туризмді дамытуға қатысты бірнеше инвестициялық жоба іске асырылмақ.

Шымкентте ішкі туризмді дамыту және бұл бағытта инвестициялық жобаларға мемлекеттен қолдау көрсету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

2023-2024 жылдары инвестиция жағын айтатын болсақ, 8 миллиард теңге болатын 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Туристерге сапалы қызмет көрсететін «Diamond Hotel», «Kazakh Hotel», «Shymkent Park Hotel», «Zhamal Hotel Shymkent» сияқты қонақ үйлер іске қосылса, 203 жаңа жұмыс орны да ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ сакралды туризмді дамытуда келесі жылы Сайрам тұрғын алабын, Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерін дамыту тұжырымдамасы әзірленуде.

Туризмді дамытудағы басты талаптардың бірі – көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету. Биыл Қостанай, Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Семей, Жезқазған, Қарағанды бағыттары бойынша рейстер қызмет етсе, Джидда, Медина, Дубай, Пхукет бағыттары бойынша чартерлік рейс ашылып, қалаға келетін туристерге мүмкіндік ашылды.

Ал кіру туризмін танымал ету аясында Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы әлемнің түкпір-түкпірімен байланыс орнатып, ақпараттық турлар ұйымдастырып келеді. Осының нәтижесінде шет елдерден 100-ден аса арнайы тревел блогерлер мен туристер келіп, шырайлы қаланы әлемге танытты.

Айта кетейік, Шымкент Қырғызстан мен Өзбекстанды Қазақстанның басқа өңірлерімен байланыстыратын ірі торапты қала болып саналады. Бүгінде қала аумағында 144 орналастыру орны, 25 әлеуметтік және мәдени нысан, 23 демалыс орны, 69 спорт орталықтары, 10 саябақ, 7 республикалық сакралды нысан, 3 326 тамақтану орны, 150-ден астам туристік нысандар орналасқан.

Жалпы, Шымкент – туристерді көптеп тартуға болатын шаһар. Бұл қаланың тарихы бай, келешегі жарқын. Сондықтан мұнда әрқашан да барып көруге тұрарлық орындар жетерлік.

Күнгейдегі мегаполисте Орталық мешіт, Шымкент өлкетану мұражайы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай, «Кең Баба» этнографиялық саябағы, Сайрам көне қалашығы сияқты тарихи, мәдени орындарды тамашалай аласыз. Мұнда жануарлар мен құстарды да табиғи ортасында көруге болатын саялы бақтар бар. Міндетті түрде Дендробақты жоспарыңызға қосыңыз. Бұл – тек туристердің ғана емес, жергілікті тұрғындардың да жиі серуендейтін орыны.

Шаһардың ерекше базарлары да аралап көруге тұрарлық.

Айта кетейік, туризм кез-келген елдің экономикасына тиімді ықпалмен әсер етеді. Бұл сала әлемдік тәжірибеде табыс көзі жағынан мұнай мен газ өндірісінен кейінгі орынды иемденеді екен.

0
0
209

Осы тақырып бойынша

Туризмді мұнай мен газдан кейінгі табыс көзіне айналдыруға болады - Yvision.kz