Қытай іскерлері Шымкенттің туристік әлеуетімен танысты
Шымкент қаласының туристік ағынын арттыру және туристік өнімді жарнамалау мақсатында Пекин қаласында туристік бизнес өкілдеріне ақпараттық «Road Show» ұйымдастырылды.

Роуд-шоуға түрлі туристік және әуе компаниялардың 40-тан астам өкілі қатысты. Қатысушыларға Шымкенттің көрікті жерлерінің табиғи пейзаждары мен бейнероликтер көрсетіліп, ұлттық тағамдардың гастрономиялық дәмін тату және «Шымкент шайы» ұсынылды.
Жақында Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енген болатын. Бұл екі ел азаматтары үшін жеке істер, туризм, ем қабылдау, халықаралық тасымалдар, транзиттік және іскерлік мақсаттар бойынша шекара асатын жағдайда визалық талаптардан босатылып, туристік қатынастарда үлкен потенциал бермек.
Бүгінде 6 айлық статистикалық есептік көрсеткіш бойынша Шымкентке 215 098 турист келген. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 400 мыңнан асыру жоспарлануда. Соның ішінде сырттан келуші турист санын арттыруға аса мән беріліп отыр.
Айта кетейік, осы шара барысында туризм саласы өкілдерімен екіжақты ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Шымкент әкімдігі әлемнің түрлі қалаларында роуд-шоу ұйымдастыруды жақсы жолға қойған. Жалпы, сыртқы сауда, туризм, ауыл шаруашылығы, ғылым-білім, мәдениет, спорт және өнер салаларындағы ынтымақтастықты ұлғайту мақсатында Түркия, Италия, Ұлыбритания, Қытай, Беларусь, Тайланд, Тәжікстан, Қырғызстан және Грекиядағы 13 қаламен серіктестік қарым-қатынас жасалуда.
Шымкенттің туристік маңызы өте зор: бұл Ташкент, Бішкек және Қазақстанның солтүстік өңірін қосатын торап болып табылатын инфрақұрылымы дамыған ірі қала.
Шымкент қаласында туризмнің дамуына көптеген факторлар ықпал етеді: жылына 300 күн, табиғи-климаттық аймақтардың алуан түрлілігі, Ұлы Жібек жолы бағытында ірі тарихи қалалардың (Түркістан, Тараз, Ташкент, Самарқанд және т.б.) жанында сәтті орналасуы.
Шымкент өзінің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, оңтүстік өңірлері үшін тірек туристік орталыққа айналуы мүмкін. Қала туристердің ағынын қабылдай отырып, оларды туристік өнімдер туралы хабардар ете алады және оларды әрі қарай олардың жүру бағыттары бойынша бағыттай алады, бұл ретте бір мезгілде өз әлеуетін пайдалана және арттыра отырып, қаланың өзінде қызметтер ұсына алады.
Бүгінде Шымкент қаласында ішкі және халықаралық туристік нарықта белсенді сегменттің қалыптасуы үшін барлық мүмкіндіктер бар.
