Қызылшаға қарсы жаппай екпе жасалып жатыр
Шымкент қаласы бойынша қызылшаға қарсы жаппай иммундау қараша айында басталды.

Осы уақытқа дейін барлығы – 24 836 контингент жалпы жоспардың 21,0 пайызы, Қазақстан Республикасы бойынша – 9,0 пайызына екпе егілген.
Бұл туралы Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова мәлімдеді.
«Шымкент қаласында 2018 жылы – 8 жағдай, 2019 жылы – 3091 жағдай, 2020 жылы – 873 жағдай тіркелді. 2021 және 2022 жылдары Шымкент қаласында қызылша ауруы тіркелмеген. Бүгінгі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 194 науқас, 29 ересек, 165 бала стационарлық емделуде, жағдайы тұрақты. 2023 жылдың наурыз айынан бастап Шымкент қаласы бойынша қызылшаға шалдықты деген күдікпен 6641 жағдай тіркеліп, 3021 науқаста диагноз расталды. Науқастардың ішінде балалар 84 пайызды құрайды, олардың 88 пайыздан астамы қызылшаға қарсы екпе алмаған», – деді Айгүл Тұрымбетова.

Сонымен қатар мамандар, әлемде болып өткен ковидтік пандемиядан кейін адамдарда иммунитет күрт төмендеп, бірнеше инфекцияның бірден өршитін тридемия, дидемия сынды жұқпалы аурулар саны артқандығын айтады. Қазіргі таңда Шымкент қаласының тұрғындарының арасында қызылшаның таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Медициналық көмек көрсету сапасы және қызылшамен сырқаттанушылықты төмендету бойынша жұмыстар күшейтіліп, күнделікті аулаларды аралау, қызылшаға күдікті пациенттерді анықтау, үйде қызылшамен ауыратын науқастарға активтер жүргізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қызылшаға қарсы жаппай иммундау жергілікті емханаларда тегін жүргізіледі. Мұны өткізу үшін 187 егу пункті ұйымдастырылып, 49 көшпелі егу бригадасы жасақталыпты.
Айта кетейік, мамандар бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда екендігін, саулығыңызды сақтау және өзгелерге зарарыңызды тигізбеу үшін екпені дер кезінде салдыруға шақырады.
Сондай-ақ Айгүл Тұрымбетова қалада ауруға қарсы егілмегендер мен екпеден бас тартатындардың ұшырасып жатқанына өкініш білдірді.
«Қызылша вакцинамен басқарылатын және бұғатталатын 20 инфекцияның қатарына жатады. Қоғамда егілмегендер мен вакцинадан бас тартушылар көбейсе, ұжымдық иммунитет төмендейді, сондай-ақ қоршаған ортада қызылшаның вирусы күшейіп, ауру өрши бастайды. Сондықтан қырағылық танытып, халық арасында қызылшаның алдын алудың бірден-бір жолы вакцинациялау екендігін түсінген жөн. Қызылша – ауамен тез таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұл жұқпаның адам ағзасына келтіретін зардабы орасан, сондықтан қызылша ауруының белгілері мен алдын-алу іс-шараларын еске саламыз», - дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.
