Жақында чемпион атанған шымкенттік қос боксшы туралы не білеміз?
Бұрын хабарлағанымыздай, жақында Армения астанасы – Ереванда бокстан жасөспірімдер (16 жасқа дейін) арасындағы әлем чемпионаты өткен болатын.

Әлем чемпионатына 51 елден 357 спортшы қатысты. Бұл дүбірлі дода 2016 жылдан бері бірінші рет ұйымдастырылған.
Онда шымкенттік екі жас боксшы әлем чемпионы атанды. Олар – Айсұлу Мұхит пен Нұрасыл Төлебек. Осы додада біздің спортшылардың 10 (4 алтын, 6 қола) медаль иеленіп, жалпы командалық есепте төртінші орын алғанын айта кеткен жөн.
Алдымен Айсұлу туралы айтсақ, ол 66 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, ақтық сайыста румыниялық Амалия Тугуяны 3:2 есебімен жеңді.
Чемпион қыз Шымкенттегі №52 мектеп-лицейдің 9-сыныбында білім алып жүр. Ұстаздарының айтуынша, ол үздік оқиды. Әрі қоғамдық іс-шаралар мен бокс, жүгіру, жеңіл атлетика сынды әртүрлі спорттық үйірмелерге белсене қатысады екен.
Айсұлу Мұхиттың бұған дейін де жеткен жетістіктері аз емес. Ол – Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Қараша айында Астана қаласында өткен Азия чемпионатында қола жүлдені жеңіп алған.
Еревандағы әлем чемпионатында қазақстандық үш қыз алтын медаль иеленген болатын. Яғни Айсұлудың алдында Аяжан Садық (54 келі) пен Толғанай Қасымхан (60 келі) чемпион атанған.
Бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қыздарымыз жеткен жетістікті спорттың осы түрінің тарихындағы елеулі оқиға деуге болады. Мамандар мұны тарихи жетістік деп жатыр. Алты қола медальдің де бесеуі қыздарға тиесілі.
Осы жерде мына жайтқа да тоқтала кетпесе болмас. «Бокс қыздарға қол емес» деген пікірдің үнемі айтылатыны мәлім. Соған қарамастан, спорт секциясына қатысып, кейін рингте жұдырықтасатын нәзік жандар көбейіп келеді. Бокс қаршадай кезінен олардың өмірінің бір бөлшегіне айналады. Спортшы қыздар үнемі жаттығуда, спаррингте және шынығу жиындарында жүреді.
Ал Еревандағы әлем чемпионаты олар үшін нағыз сынақ болды. Оған дейін бұлар қазан айында Астанада өткен Азия чемпионатында топ жарған еді. Сол кездерде жасөспірім қыздарымыздың әлем чемпионатына қатысатыны белгілі болды.
Сонымен, Армения төрінде өткен дүниежүзілік додада жоғарыда айтқан үш «алтын» қызымыздан кейін Нұрасыл Төлебектің де бағы жанған еді. Ол да байрақты бәсекеде алтын медаль еншіледі. Жерлесіміз 54 келі салмақта жұдырықтасып, тұғыры биік жеңіс жолында 4 қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.
Жаңа әлем чемпионы Нұрасыл Төлебек Шымкент қаласының Бокс клубында дайындалады. Оны осы клубтың бапкері Думан Байтелиев жаттықтырады.
