Жалған лаңкестік үшін қандай жауапкершіліктер қарастырылған?
Жалған лаңкестік (лжетерроризм) дегеніміз не? Алдымен соның шын анықтамасын айқындап алайық.
Жалған лаңкестік немесе дайындалып жатқан лаңкестік әрекет туралы көрінеу жалған хабар беру дегеніміз, жалпақ тілмен айтқанда, әлдебір мекемеге жарылғыш зат қойылғаны не шабуыл жасалайын деп жатқаны жайында өтірік ақпарат тарату деген сөз. Мұндай тірлікті қазір жәй тентектік деп қарауға болмайды. Ол қоғамға орасан зор залал, шығын келтіреді. Ондайда жұрт қатты дүрлігіп, халық арасында дүрбелең туатыны аян.
Бүкіл елді солай алаңдатқан келеңсіз жағдай биыл қыста болды. Бірнеше өңірдегі мектептерге шабуыл жасалатыны жайында дереккөзі дүдәмал хабарлар 25 қаңтардан таратыла бастады. Мұндай әрекеттер Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Қостанайда қылаң берген. Іле ақпараттың өтірік екені анықталып, лаңкестік әрекет туралы көрінеу жалған хабар беру деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сөйтіп, Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларында таратылған хабарламаларға тіпті ТМД елдері азаматтарының қатысы бар екені анықталған.
Ал Қарағанды мен Қостанайда кәмелет жасына толмағандардың Telegram-арналар ашып, бұрын таратылған хабарламаларды көшіріп, білім ошақтарының фотоларын жүктеп, өз мектептерінің чаттарына жолдағаны әшкереленді. Оны жасағандар Қарағандыдағы №15 орта мектептің 7-сынып оқушысы мен Қостанайдағы №3 орта мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы екен.
«Олардың қылмыстық жауапкершілік жасына жетпегені ескеріліп, ата-аналары бала тәрбиесіне көңіл бөлмегені үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ сот шешімі бойынша олар жедел қызметтерді жалған шақыртуға және білім беру нысандарын тексеруге байланысты мемлекетке келтірілген залалды өтеуі тиіс. Шығын көлемі екі миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін», – деген еді сол кезде ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Альбина Махамбетова.
Негізі, мұндай әрекет үшін азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабында көрсетілген. Бұл бапта лаңкестік әрекет жасалатыны туралы қасақана жалған хабар жеткізгені үшін 5 000 айлық есептік көрсеткіш (биылғы есеппен 18 460 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 жылға бостандығын шектеу не сонша мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Кәмелетке толмағандар үшін лаңкестік әрекеттерге қатысты қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Егер құқық бұзушы 14 жасқа толмаған болса, жоғарыда департамент бастығы айтқандай, оның ата-анасы немесе қамқоршысы әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жалған лаңкестіктің негізгі нысаналары, әрине, адамдар көп шоғырланған орындар. Атап айтқанда, көбіне мектептер, вокзалдар, ауруханалар, сауда орталықтары. Жалған лаңкестің түпкі мақсаты – нысанның жұмысын тоқтату немесе онда өткізілуге тиіс іс-шараны болдырмай қою.
Әсіресе, мұндай әрекет білім ошағына қатысты көбірек болады. Балалар ондайға дайындалмаған сабағы не емтиханы өтпей қалса екен немесе ата-аналар жиналысы болмай қалса деген оймен барады. Осындай «идея» кейде тіпті мұғалімдердің де ойына келеді. Осы тұрғыда Алматыда болған мынадай оқиға еске түсіп отыр.
2011 жылы 28 қарашада белгісіз ер адам 102-ге телефон соғып,
№121 мектепке бомба қойылғанын хабарлайды. Артынан жалған лаңкестің аталған білім ошағының математика мұғалімі екені анықталған. Өзінің айтуынша, ол таңертең жұмысына кешігіп келе жатқандықтан сондай әрекетті ойластырыпты.
Альбина Махамбетова келтірген мәлімет бойынша, елімізде 2023 жылы біз әңгіме етіп отырған қылмыстарға қатысты 215 іс қозғалыпты. 43 адамның әрекеті әшкереленген. Оның 19-ы – кәмелет жасына толмағандар. 7 адам сотталған. Оның екеуі – кәмелетке толмағандар.
Ал енді алып шаһар – Алматыға жеке тоқталсақ, 2023 жылдың аяғында соңғы үш жылда Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 400-ге жуық іс тіркелгені жайында мәлімет жарияланды. Одан қоғам мен мемлекетке келтірілген шығын көлемі 6,3 миллиард теңгеден асады. Халқы көп болған соң бұл қалада, өкінішке қарай, осындай әрекеттер де көп болып тұр. Ал құқық қорғау органдары олардың алдын алудың түрлі амалдарын жасауға барынша тырысып келеді.
Оразәлі БАЙМҰРАТ
