Жауаптылар жедел әрекет ететінін көрсете білді
Шымкентте тұрғын үйдің мәселесі дер кезінде шешілді.

Шымкент қаласының Қаратау ауданындағы Тұран-1 ықшамуданында 11 көпқабатты тұрғын үйде қылаң берген мәселе шұғыл түрде шешімін тапты. Бұл туралы Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембеков мәлімдеді.
Еске салсақ, аталған ықшамауданда көпқабатты тұрғын үйде 2023 жылдың 5 желтоқсаны күні жылумен қамтамасыз ететін ішкі орамдық жылу желілерінде ақау болуына байланысты тұрғындар ыстық су мен жылудан уақытша ажыратылған еді. Сондағы ақауларды жою үшін жауапты орындар дер кезінде әрекетке көшіп, тиісті жұмыстарға Қаратау ауданының әкімдігі мен «Қуатжылуорталық-3» МКК тарапынан 4 бригада жұмылдырылды.
«Аталған кемшіліктер тиісті мекеме есебінен қалпына келтірілді. Мамандарымыз шұғыл түрде 500 метрлік, диаметрі 133 мм, 108 мм және 76 мм жылу құбырын ауыстырды. Тұрғын үйлер жылу жүйесіне толық қосылды. Қазіргі таңда ықшамаудандағы барлық көпқабатты тұрғын үйлерге жылу мен ыстық су қалыпты жағдайда берілуде», – деп жағдайды түсіндірді Мақсат Ердембеков.
Жалпы, күнгейдегі мегаполисте жауапты органдар қандай жағдай туғанда да жедел әрекет ете алатынын көрсетіп жүр. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі немесе басқа да арыз-шағымдар бойынша энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары тарапынан тиісті мамандарға тапсырма беріліп, мәселелер шұғыл шешімін табуда.
Шымкентте 2023-2024 жылғы жылыту маусымы 20 қазанда басталған болатын. Содан бір күн бұрын аталған басқарма басшысы баспасөз мәслхатын өткізді. Онда Мақсат Ердембеков энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының 9 айда атқарған жұмыстарымен таныстырып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Ол қаланың 23 бөлек орналасқан жылу қазандығы мен орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясы жылу маусымына дайын екенін айтты. 2023 жылы жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында жергілікті және бюджеттен 17,4 шақырым жылу желілерін жөндеуге 5 миллиад теңге қаралған екен. Жергілікті бюджеттен қаралған 3,2 миллиард теңгегенің 8,7 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталған. Ал республикалық бюджеттен қаралған 1,8 миллиард теңгеге 2 жобаның (қайта құру) құрылыс жұмыстары толық орындалыпты.
Ал газбен жылынатын аумақтарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатыр. Яғни қалада оның игілігін көріп отырған тұрғындар қатары көбеюде.
Жалпы, күнгейдегі мегаполистің қысқа сақадай сай дайын екенін бұдан бұрын да хабарлағанбыз. Ал жоғарыда айтылғандай шағын ақаулар болып жатса, мамандар оларды дер кезінде қалпына келтіре қоюға қашан да әзір.
