Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Зорлық-зомбылыққа жол бермеу жайы студенттерге түсіндірілді

Күнгейдегі мегаполисте мамандар республикалық акция аясында студенттермен кездесті.

Шымкент қаласында «Зорлық – зомбылықсыз 16 күн белсенділік» республикалық акциясы жалғасып жатыр. Осы акция шеңберінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Шымкент қаласы бойынша «Әйелдер күштерінің альянсы» заңды тұлғалардың бірлестігі мен қалалық Қазақстан Халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада мамандар білім алушы жастарға зорлық-зомбылыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, қыз бала тәрбиесі, олардың құқығы жайында түсіндіріп берді.

«Университетіміз «Әйелдер күштерінің альянсы» бірлестігімен меморандумға отырған болатын. Осында білім алатын студенттің 90 пайызы қыздар. Қыз – болашақ ана, отбасының ұйытқысы. Сондықтан біз оқу орнында «Болашақ ана» мектебін ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Мектебімізден өткен қыздар келешекте ибалы келін, мейірімді ана болса, біз үшін өте үлкен қуаныш», — деді Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ ректоры, ҚХА жанындағы Аналары кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева.

Жиында «Әйелдер күштерінің альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Жанетта Жазықбаева өз ұйымының қазіргіжұмыстарын таныстырып, республикалық акцияның мәніне тоқталды.

«Қоғамда әйелдер мен балалардың психологиялық қиындықсыз өмір сүру құқықтары туралы сауатын арттырып, зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне нөлдік төзімділікті қалыптастыруды ниет еттік. Акцияның мақсаты да осы – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау», — деді Жанетта Жазықбаева.

Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де «Психологиялық қолдау» орталығының психологы Ұлдана Күмісбекке студент жастар ата-аналарының жанжалы, бауырлар арасындағы кейбір келіспеушілік, отбасында тиымдар төңірегіндегі сұрақтармен жиі келеді екен. Қыркүйек айынан бүгінге дейін 32 студент маманның көмегіне жүгінген.

«Психологиялық кеңес алуға көбіне 1 курс студенттері келеді. Өткен оқу жылында 1-4 курс студенттері арасында түрлі жиындар мен түсіндірме жұмыстары, арнайы сағаттар мен кеңестерді ұйымдастырудың арқасында, биыл мәселемен келетін жастар саны азайды», – дейді Ұлдана Күмісбек.

Әлеуметтік сала мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, психологтар басқосқан шара жастарға ой салып, болашаққа бағдар берді. Университетте алдағы уақытта болашақ аналарға аталған арнайы жобалар қолға алынып, жұмыстар жалғасын таппақ.

Айта кетейік, 25 қарашада басталған «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы бүгін, яғни 10 желтоқсанда аяқталды.

0
0
284

Осы тақырып бойынша

Зорлық-зомбылыққа жол бермеу жайы студенттерге түсіндірілді - Yvision.kz