Перейти к содержимому

Алтыбас Ақмолда туралы

Жақында Диваев Әбубәкір туралы пост жазып едім, оның тегі башқұрт, татар мектебін басқарған, қазақ этнографиясы туралы жазған. Сол сияқты бұрынғы посттарымның бірінде қазақ пен башқұртқа ортақ тұлға Ақмолла жөнінде де дерек беріп едім. Жаңылмасам тағы бір Ақмолла болған.

Ал, менің келесі кейіпкерім - Ақмолда, оның кейбір өлеңдері қателікпен Ақмоллаға телініп кеткен деседі.

Ақмолда Торғай жерінің қойнауы тарихқа толы, бастауын Ұлытаудан алатын Ұлыжыланшық өзені бойындағы туған. Бұл жерлер қазір "Алтын Дала" табиғи мемлекеттік резерватының Айырқұм учаскесі аумағында қалды, оның ішінде, кезінде Аққұм болысы да менің де ата-бабам жері еді. Ал, Ұлыжыланшық бойын халық заманында үш рет тастап кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп бүгінгі күні атамекеніміз киік пен тарпаңның мекені болып қалды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі заманында жұрты босуға мәжбүр болса, 1920-1930 жылдардағы Ашаршылық уақытында халқы қырылып, тірі қалғаны бері босты. Тіпті, Жыланшық бойындағы 24 ауылдың 10 ауылынан тірі жан да қалмаған еді....

70 жылдары қайтадан кеңшарлар ашылғанымен, 90 жылдардың "қайта құру" халықты атамекенінен біржола бездірді. Барайын десең туған ауылың жоқ, тек халқының жүрегінде қалған, бір-екі ұрпақтан кейін кеңшар болған Аққұм да Айырқұм ауылы да ұмтылар....

Ал, Торғай ақындық мектебін зерттеуші, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайы басшысының орынбасары Батырлан Сағынтаев Алтыбас Ақмолда туралы бүй дейді:

«Ақмолда ақын бұрынғы Торғай уезі, Қайдауыл болысына қарайтын Қыпшақтың Алтыбас деген руынан шыққан белгілі ақын. Ел ішінде шыққан тегімен Алтыбас Ақмолда ақын деп атайды. Мекені Торғай, Ақмешіт, Қазалының шектесетін жеріне жақын Мөлдір, Киік деген көлдің басында. Ақмолданың арғы атасы Метей би Шындәулет шешенмен бірге он жеті жасында Абылай ханға барып батасын алған кісі. Метейді ел арасында Мәті деп те атайды. Қостанай, Торғай, Ақмешіт көлеміндегі ел арасындағы «Мәті-бисініп кетіпті» деген сөз осы кісіге қатысты шыққан. Ақмолда жас кезінде ауылдың указной молдасы болған адам. Және жай ғана мешіт ұстап отырған діншіл кісі емес, сөздің ізіне түскен сауатты адам. Оның өлеңдері А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінде мысал ретінде келтірілген. Ахмет Байтұрсынұлының Ақмолда ақынмен таныс болғанын мына бір деректе дәлелдеп береді. 1913 жылдың, 14 қыркүйек күні «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақ ақыны» атты Міржақып Дулатовтың мақаласы бар. Онда былай деп жазылған: «Торғай уезі Қайдауыл болысының қазағы ақын Бекмұхаммед Әлмұхаммед ұғылы (лақап аты Ақмолда) биыл қажылыққа бара жатып Орынбор шаһарына тоқтап, «Қазақ» басқармасында болды. Өзінің өмірінде жазған өлеңдерін түгел жиып бастыруға Ахмет Байтұрсынов һәм Міржақып Дулатовқа рұқсат етіп, қолына законға муафиқ подписке берді. Мұнан былайғы кімде-кімнің қолында Ақмолданның өлеңдері болса «Қазақ» газетінің басқармасына жіберулерін өтінеміз. Закон бойынша бұл өлеңдерді бастыру хақы (прауосы) Байтұрсынов пен Дулатовтікі, бұлардан рұқсатсыз енді һешкім бастыра алмайды. Ақмолданың сөздері бұрын тасқа басылған жоқ еді, сондықтан бір-екі уезд елден артық жерге жайылған жоқ. Ақмолда салыстырып қарағанда, қазақтың бірінші ақындарынан саналады. Тағыда бір сөз, Ақмолда дегенге кейбіреулер таң қалар, себебі Ақмолда екеу. Екеуі де молда, екеуі де ақын. Әуелгі Ақмолда көптен опат болған кісі, заты ноғай еді. Ол кісінің сөздері кітап болып басылып шыққан. Біздің айтып отырғанымыз екінші Ақмолда». Аталған мақалада ақын есімі Бекмұхаммед Әлмұхаммедұлы деп берілсе, 2013 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Торғай елі» энциклопедиясында Ақмолда (Әлмұхаммед) Орынбайұлы деп берілген. Ақынның Тілеу Сейдалинге арнаған өлеңінде «Дұғагөй қарашыңыз Әлмұхамед» дейтіні бар. Бұл ақынның анық аты. Ақын тағы бір өлеңінде «Хат жазған Орынбайдың Ақмолдасы, Қолыңнан келсе мені Сібірге айда» дейді. Белгілі халық ақыны Омар Шипинде «Ұстазым Орынбайдың Ақмолдасы» деп жырлаған. Патша заманында зауряд-сотник шенін алған Қаражігіттің Орынбайы деген кісі Ақмолданың жақын ағайыны. Осы Орынбайды арқа тұтқан Ақмолда тізгінін кісіге бермейтін, еркін өскен ақын.

Белгілі зерттеуші Қ.Жұмалиев Ақмолданың шығармашылығына Ы.Алтынсаринның әсері болғанын атап көрсетеді. Ақынның Ы.Алтынсарин, Т.Сейдалин, Ә.Жангелдин және т.б. тарихи тұлғаларға арналған өлеңдері бар. Ақмолданың өз заманында шығарған әртүрлі өлеңдері, үлгілі сөздері бар.».

О.Шипиннің айтуынша Ақмолда “Ай ортақ, күн ортақ, ал әділдіктен тайып, халықты алалайтын патшаға қарсы болу күнә емес” деп 1916 жылғы көтерілісшілерді қолдаған. “1916 жыл. Билерге” өлеңінде қазақ жастарын байлап-матап, солдатқа беріп жатқан би-болыстардың қылығын әшкерелейді. Енді бірде, ел арасын бітістірмей, іріткі салып жүрген Сыр бойының датқаларын сынайды. Әділдік, шындық сияқты ұстанымынан Алтыбас Ақмолда таймаған болса керек. Философиялық толғау түріндегі өлеңдерінің бірінде билік иесі екенмін деп асқақтамауға шақырады, дүниенің өткіншілігін еске салады (Құддыс, Шамға, Үндістанға патша болсаң да, дүниені түгел билесең де, Ақыры барар жерің тар лакат көр). Алтыбас Ақмолданың жетпіс шақты өлеңі Қазақстан ЕМ — ҒА-ның қолжазба қорында сақтаулы деседі.

Суретте: Торғай мұражайлар кешенінде түсірілген фото, авторы - Arman Baisadykov

#Алтыбас Ақмолда #Торғай #Amandyq Amirkhamzin

0
0
5414

Еще по теме