Перейти к содержимому

Сейітбек Нұрқанов туралы

Сейітбек Нұрқанов туралы

Әке-шешенің қадірін балалы болғанда білерсің дейді. Ал, олардың көзі жоқ болған соң тіпті басқаша қарайсың? Әкемнің өскен ортасы, балалық шағын әрине білмеймін, өз айтқандарынан, жазып кеткенінен құлағдармын. Дегенмен, бір жәйт маған өте қызық көрінеді, бала күнінен бірге өскен, ауылдасы Сейітбек әкеміздің менің әкем Қорғанмен достығы, өмір бақи сыйластығы.

Енді, Сейітбек әкемізге қатысты мына екі әңгімені баяндай кетейін.

Бірінші әңгіме.

Қызыл империяның қылышынан әлі де қан тамып тұрған 60-70 жылдары болса керек. Сейітбек әкеміздің туыс-туған, достарының жаңа туған балаларына «есім қою» дәстүрі бар екен. Бір жолы Алматыда Сейітбек әкеміздің інісі Әбілбек ағамыздың баласы Әлиханның есімін естіген Әлкей Марғұлан жалт етіп қарап, басын бұрыпты. Расында асылдарымыздың атын атауға қорқатын заман еді-ау.... Ал, Сейітбек әкеміз қойған есімдер Мағжан, Байбарыс, Марғұлан деп кете береді. Айтқандай, Мысырды билеген даңқты бабамыз туралы: "Бейбарс емес, оның есіме Байбарыс" деп айтатын, ғалым адам ғой, білген болар.

Соғыстан кейін 1947 жылы болса керек, Сейітбек әкеміз бен менің әкем - Қорған атақты Меңдіғара педучилищесіне оқуға түседі.

Заманның қиын кезі, дегенмен, Сейітбек әкеміз Алматыда оқуын жалғастырады. Өмірлік қосағы Әмина әжемізбен отау құрып, ғылым жолына түседі. Алайда, "байдың баласы" деген желеумен оқуға қабылданбайын деп тұрған кезінде Мәлік Ғабдуллин атамыз бар жауапкершілікті мойнына алып, Торғайдан білім іздеп келген баланың жолын ашыпты.

Ғылым жолы да оңай болмапты, жазған жұмысын бәз-біреу ұрлап алып, Сейітбек әкеміз ғылымнан қол үзбекші де болыпты. Небір қиыншылықтарға қарамастан, сол кезде аты аталмайтын Алаш арыстарын зерттейді. Мажар-қазақ қарым-қатынастарына негіз болған Торғай мадиярларын да көпшілікке танытады. Ол жөнінде жеке жаздым да.

Екінші әңгіме.

Өткен ғасырдың 50-60 жылдары болса керек, Алматыға Венгриядан бір ғалым келіп, кездесу болады. Сол кездесуге Сейітбек Нұрханов әкеміз де қатысады. Әкеміз қонаққа арнап тілдей қағазға былай деп жазып жібереді: "бірінші, Венгриядағы кумандар өздерін кім деп есептейді, екінші Торғай жерінде тұратын мадиярлардың венгрлерге (өз атаулары мадияр) қатысы бар ма?". Атаған ғалым қағаз жіберген кісінің кездесу соңында жолығуын өтінеді.

Жолыққан соң, Қазақстанда (КСРО-да) болу мерзімінің аяқталғанын, келесі жылы міндетті түрде келетінін жеткізеді.

Сөйтіп, қазақ-мажар байланысы басталады.

Сейітбек әкеміздің қызы Алматай тәтеміздің айтуынша ең қиыны, біріншіден, Мажарстан социалистік лагерь елі болса да, шетелдіктердің Қостанай, Торғай жерлеріне баруына тыйым бар екен. Екіншіден, бұл аймақ, кезіндегі Алаш зиялылары көптеп шыққан өңір. Сондықтан, ондай тыйым болуы қисынға келеді.

Бәрінен бұрын, тоталитарлық жүйеден, қырғын-сүргіннен қорқып қалған ауыл ақсақалдарын сөйлету қиын болыпты.

Бір қызығы, мажарлардың аңыздарында олар Азиядан Еуропаға қоныс аударғанда атамекендерінде Кіші Хунгария қалыпты деседі. Өздерінің айтуынша ол қазақ және башқұрт жерлері екен. Тіпті, қазақ мадиялары мен венгрлердің ДНК ұқсастығы да анықталыпты деседі. Бәлкім, Мадияр тек кісі есімі болып, мажарларға қатысы болмауы мүмкін. Дегенмен, туыспыз деп келіп тұрса, неге құшағымызды ашпасқа?! Айтқандай, венгрлердің Орталық Азиядағы бауырларын іздеуі А.Вамбери кезінен басталған болатын. Ал, мажарлардың түркілік элементтерін Көтен хан бастаған бабаларымыздың Мажарстан жеріне қоныстануы одан сайын күшейте түсті. Ол да бір бөлек тарих енді.

Жалпы, Сейітбек әкеміздің тағыдыры, өмірі оңай болған жоқ, десек те ол кісі жөнінде ресми деректерді де бере кетейік.

Сейітбек Нұрханов 1927 жылы 23 ақпанда Қостанай облысы Жангелдин ауданының Көкалат ауылында туған. Жоғарыда жазғанымдай 1949 жылы Меңдіғара педагогикалық училищесін тәмамдаған соң Абай атындағы Алматы пединститутына түсіп, оны 1957 жылы бітіріп шығады. 1957-1960 жылдары аспирантурада оқып, еңбек жолын Қазақ мемллекеттік университетінде оқытушылықтан бастайды. Бұдан кейін Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер (1961-1968 және 1971-1988 жылдар), Қазақ кеңес энциклопедиясының бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1971 жылдар), Қазақ мемлекеттік ғылыми-технкалық Ақпарат институтында бөлім меңгерушісі (1992-1993 жылдар) болып жұмыс істеді. Сейітбек Нұрқановтың елуден астам ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді. Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты қазақ тілінің синтаксисі, сөз тіркестері, этнолингвистика, этномика және топонимика мәселелері.

Бастысы, әке-әжелеріміз қазір арамызда жоқ болғанымен, олардың ұрпағы бар. Ал, үлкендердің жолын, бағыт-бағдарын жалғастыру біздің міндетіміз.

Ал, бүгін, яғни 23 ақпан әкеміз - Сейітбек Нұрқановтың туған күні еді.

#Сейітбек Нұрқанов #Торғай #Amandyq Amirkhamzin

0
0
4859

Еще по теме

Сейітбек Нұрқанов туралы - Yvision.kz