Якуб-ага Рудзевич және оның заманы

Кейде қос славян халқының "пікірталастарын" оқимын да, жағамды ұстаймын. "Ағасы" басшысының "Наша страна не раз проходила через серьезные испытания: и печенеги ее терзали, и половцы, — со всем справилась Россия." дейді, ал айтып отырған печенегтері де половцылары да біздер. "Інісі" елінің кейбір айтқыштары "ағасы елін" "ордынцы", деп кемсітеді, бірақ, таяқтың ұшы тағы бізге тиетінін түсінбейтін болар.Қалай десек те орыс һәм украин мемлекетінің қалыптасуында түркі жұртының рөлі зор, біріншісі, Алтын Орда қанатынан шықса, екіншісі, қырым татарларына алғыс айтуы керек.Сонымен айтпағым мынадай бір фактіні жеткізу.Киев Русі кезінде олардың далалықтармен құдандалы болып, бірде соғысып, бірде достасып, тіпті өз арасында торки, берендей деген түркі жұрттары олардың әскерлері арасында жүріп қана қоймай, сол төңіректерді мекендеді де, қаншама Батысқа жақынбыз десе де шындық сол. Тіпті, "Слово о полку Игорове" авторының билингва болып, замандастарының солай өмір сүруі де заңдылық болар.Жарайды, арғы тарихын қозғамай-ақ қояйын, тарихты белгілі бір адамдар жасайтыны белгілі, соның бірі Якуб-ага (Жақып аға) Рудзевич тұлғасына тоқтала кетсем. Қайшылықты тұлға.Тоқтамыс хан заманынан қалыптасқан, липка атауымен белгілі поляк, орыс, украин, белорус және литвалықтар арасында тұратын, түбі Алтын Ордадан келген, дінін ұмытпаса да, бірақ, тілін ұмытқан далалық жұрттың бір бөлшегі бар. Бабалары сияқты олар да жауынгер халық. Сонымен, Якуб-ага Рудзевич липка жұртының бірі, қашан туғаны белгісіз, қайтыс болған кезеңі 1784 жыл. Әкесі Измаил қазіргі Украинаның Оң жағалауына, кейін Буджак атауымен белгілі Дунай мен Днестрдің арасындағы, Қара теңізге жақын аймаққа келеді. Бұл түркі жұртының атамекенінің бірі, қазіргі күні бір бөлігі Молдоваға қараса, екінші бөлігі Украина иелігінде. Якубтың кәсібі жылқы сату болса керек, дегенмен білімді кісі болғанға ұқсайды, себебі Рудзевич кем дегенде татар, түрік, орыс, поляк, украин, грек тілдерін білген. Жалпы, саудагерлер көп тіл білетін жұрт қой. Шамамен 1760 жылдары Қырым ханы Қырым Герайға қызметке тұрып, оның тәржіманы болды. Бұл Осман империясы мен Қырым хандығындағы аудармашы ғана емес, дипломатиялық лауазым еді. Яғни, тәржіман міндетті түрде Шығыс тілдерінің бірін және еуропалық тілдерді біліп, дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Қазіргі заман тілімен айтсақ Сыртқы істер министрлігінің функцияларын атқарған. Османлылар мысалы, православ дінідегі христиандарды басқару үшін Стамбұлдың Фанар ауданында тұратын білімді гректерден (фанориаттар) таңдап алып, олар арқылы билік жүргізіп отырған. Оларды манағы тәржіманнан аударып алып, драгоман деп атаған. Кейін мұндай лауазым Речь Посполита мен Ресейде және Запорожье украин казак әскерлерінде болған. Рудзевич драгоман (тәржіман) ғана емес, ага (аға) лауазымына да ие болады. Бұл уақытта Якуб-ага Пруссияның Жеті жылдық соғысы кезінде немістерге ноғай аттарын сатып, бір жағынан байи түссе, екінші жағынан халықаралық зор беделге ие болады. Қазіргі Украина жеріндегі Ягорлык пен Кодыма өзені аралығндағы жерлерде Қырым ханы атынан халықтың қоныстануын қамтамасыз етті. Бұл украиндар Хандық Украина немесе Ганьщина деп атап кеткен, қырым татарлары мен түріктерге Етисан (Жетісан) атауымен белгілі өлке, түркі жұрты аймағы еді. Жетісан аумағы қазіргі Украинаның Оңтүстік Буг өзеніне дейін кеңейтіліп, Якуб-ага Рудзевич 1765 жылы жаңа Қырым ханы Салим ІІІ Герай (Сәлімгерей) оны Хандық Украинаның гетманы (Дубоссары гетманы) болып тағайындайды. Дубоссары қазіргі Молдова аумағындағы түркі қаласы, кейін түрік бекінісі болған, атауының өзі білдіріп тұрғандай қырым татар (ноғай) тіліндегі "сары" сөзімен байланысты деседі. Сонымен, бұл жерде айтпағым, гетман деген сөзді неміс тілінде шықты деп бәз-біреулер бүркемелегенмен, түбірі мысалы атаман деген сияқты түркі тілінен шықты деп ойлаймын. Манағы тәржіманымыз дрогманға айналғандай кейін гетман сөзін Украина, Молдова, Речь Посполита, Чехия елдерінде лауазым атауына ие болды. Ал, біздің білетініміз көбінесе украин гетмандары туралы. Яғни, лауазым да сөз де түркі жұртына тән еді.Айтқандай, Жетісанда билік құрған Якуб-аганың резиденциясы Балта қаласында орналасқан болатын, бұл қазіргі Украина жеріндегі шаһар, атауы айтып тұрғандай қала атауы өзіміздің балта сөзінен шыққан. Қырым хандығында консул болып қызмет атқарған француз жазушы және инженері Франсуа де Тот оны губернатор деп өзінің 4 томдық кітабында атап көрсетеді. Колиивинщина уақытында, яғни, Украинаның Оң жағалауындағы православ шаруалары мен казактарының Речь Посполитаға қарсы көтерілісі кезінде гайдамактар Балтаға шабуыл жасап, Якуб-ага Рудзевичтің гетман билік белгісін (яғни, гетман клейнодасы, ол байрақ, бас киім және басқа да білгілері болуы мүмкін) алып алып, енді, Максим Зализнякты украин гетманы деп жариялайды. Ал, жалпы, бұл дәстүр Қырым татарларнан басқа Осман империясында да болып, Молдавия мен Валахияда түріктерден гетман клейнодасын алып, билік жүргізетін еді. Менің айтпағым, украиндар да өз биліктерін жай ғана емес, заңды билік мұрагерлеріміз деп айтқысы келген болар. Айтқандай, гайдамак сөзінің түбірі де әрбір түркі баласына белгілі деп ойлаймын. Яғни, бұл жерде тағы бір маңызды мәселе, ол украиндардың поляктармен соғысып жүріп, өздерін кімнің мұрагері деп сезінуі және Қырым жұртының билік белгілерін пайдалануы. Дегенмен, осы ретте тағы бір нәрсені айтпасқа болмас, манағы гайдамактар османлылар мен Ресей патшалығы арасына от салу үшін өздерін: "орыс боданындамыз" деп жариялап, сәйкесінше, 1768 жылы Осман империясы сұлтаны Мұстафа ІІІ Ресей империясына соғыс жариялайды.Ал, Якуб-ага Рудзевич қайшылықты тұлға деп айттым, 1770 жылы жиені Юсуф Ибрагиммен бірге орыс қызметіне тұрып, Бендер бекінісіне келеді. Бұл орта ғасырларда Тягянякяча немесе Тигин атауымен белгілі, яғни, 1408 жылда аты аталған Тегінкөш атты шекаралық бекет болатын. Кейін парсы тілінде "бандар", яғни, айлақ деген мағына беретін Бендер шаһары еді.Граф П.Панин Якуб-ага Рудзевич деректері негізінде Екатерина ІІ патшайымға қырым татарларын Осман ықпалынын шығару туралы жазбасын жазады. Айналып келгенде Якуб-ага отаршыларға итаршы болды. 1783 жылы кадиаскер, яғни, Қырымда сот істеріне араласты, патша билігіне жаққаны үшін ол орыс дворяны лауазымына ие болып, статс (яғни, мемлекеттік) кеңесші шешін алды. Абайша айтқанда: "Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім" дегендей емес, керісінше меніңше өзінің қарақан басын ойлады ма әлде жағдай солай болды ма, түптің түбінде баяғы байлықтан Рудзевичтің Ақмешітте үй-жайы, дүние-мүлкі, Қарасубазада үйі, қора-қопсысы ғана қалып, тұқымдары Ресей империясына жан-тәнімен қызмет етіп, дінін де өзгертті, патша билігіне жақты. Бірақ, менің айтапағым осындай мысал арқылы билік қолдың кірі, ал, тарих ешнәрсені ұмытпайды, екінші айтпағым Қырым билік белгілерінің украиндарға өтуінің нақты мысалының бір бөлшегін көруге болар!#Якуб-ага Рудзевич #Түркі тарихы #Amandyq AmirkhamzinКартада: Буджак пен Солтүстік Қара теңіз жағалауы, 1737 жыл