10 жыл бұрын кәсіпкерді өлтіргені үшін сотталған Тоғаевтың кассациялық шағымы қаралды
Осыдан он жыл бұрын батысқазақстандық белгілі кәсіпкер Виталий Каркуланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Азамат Тоғаевтың кассациялық шағымын Жоғарғы сот қарады.

Фото: t.me/Jogargy_sot
Тоғаев осы жылдың ақпан айында өзіне қатысты сот актілерін қайта қарау, өзінің іс-әрекеттерін саралаудың дұрыстығына, сондай-ақ жазалау шарасына дау айтып өтінішхат берген.
Оны қараған Жоғарғы Соттың сот алқасы бұрынғы сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарды, яғни жазасын өтеушінің өтінішхаты қанағаттандырылған жоқ.
1Өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі тағайындалған жаза жасалған іс-әрекеттердің қоғамға қауіптілігін, әрекетінде қылмыстың қауіпті қайталануын құрайтын бұрын сотталған Тоғаевтың жеке басын және соңғысының аса белсенді қылмысты рөлін ескере отырып, заңды, негізді және әділ болып саналады", - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында белгілі кәсіпкердің өліміне қатысты 2014 жылы маусым айында үш адам сотталған еді. Ол кезде БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Азамат Тоғаевты өмір бойына, Мерген Иманқұлов пен Кенже Біржановты 22 жылға бас бостандықтарынан айырды.
Олар 2014 жылы қаңтар айында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасаған. Соның салдарынан Виталий Каркула оқ тиіп қаза тапса, әйелі, облыстық мәслихаттың депутаты Валентина Каркула ауыр жарақат алды. Қылмыскерлер кәсіпкердің үйінен құны 3 млн теңгеден асатын асыл бұйымдар мен шамамен 1 млн теңге ақшаны алып кеткен.
