50 мыңдық петиция утилалымды алып тастауға ықпал ете ала ма?
Белгілі журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желіде осыған қатысты ойын жариялады.

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy
Су жаңа SANTA FE-ге сынып жүргенімді білесіздер. Қалтамда көк тиын болмаса да өткенде салонға бардым. Миллионерлер сияқты маңғаздана кіріп, менеджердің алдына жайғастым. Ақырын ғана аузымды жыбырлатып, паңдау образбен прайс сұрадым.
SANTAFE-нің ең арзаны 19 млн, қымбаты 27 млнға жетер-жетпес екен. Тым қамбат, бұл соманы қалтам көтермейтінін іштей біліп тұрсам да сыр білдірмеді-ей сабазың!
“Толық комплектациясы бар ма? Қолма-қол ақшаға аламын” деп қойып қалдым. Менеджер жігіт жүзіме бір қарады да: "Кешірерсіз, қазір дайын көлік жоқ. Жаңа модель болғасын Кореядан келіп жатыр. Әлі кіргізіп үлгермедік" деді.
"Сонда бұл Қазақстандікі емес пе?" деп дауысымды көтере сөйледім. "Жоқ, SANTA FE Кореяда құрастырылады" деді. "Қазір тапсырыс беріп қойсаңыз, бір айдың көлемінде жеткізіп береміз" деп жылтыңдады. "Маған дәл бүгін-ертең керек еді, жарайды" деп шығып кеттім.
Удай утилалым мен пайдасы жоқ бастапқы тіркеуді азайтсын деген петицияға 50 мың адам қол қойыпты. Заң бойынша енді елдің талабын тиісті министрлік қайта қарауға міндетті. Алайда қулығы қырық атанға жүк болған жауаптылар жаңа маневрге көшті. “СемАЗ”, “Қазақмыс” сияқты алпауыт компаниялардың жұмысшыларын желкелеп, үндеу жасатып жатыр. Яғни "утиль отандық автоөндірісті дамытады, мыңдаған адам сол арқылы жұмыс істеп, ақша тауып отыр, ол сала тұраласа темір өндірушілер де банкрот болады" дегенге саяды.
Ал енді сұрақ: Егер SANTA FE-ні Кәрістер, BAYON-ды Түріктер, TUCSON-ды поляктар, арнаулы техника мен автобустарды қытайлар құрап беріп жатса, біздің кәсіпорындар қалай банкрот болады? Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 50 мың адам қол қойған петицияны жоққа шығару үшін ірі кәсіпорындардың артына тығылып жатыр. Жұмыс орындары қысқарып қалады деген сылтаумен утильдің ақшасын түбі тесік шелекке құя бермекші. Көрде тұр, ертең өндірісті өркендету үшін, мыңдаған жұмысшылардың сұрауы бойынша утилалым өзгеріссіз қалады деп қатырады бізді. Қазірдің өзінде халықтың құлағын үйрету үшін ТВ, сайт, блогерлер арқылы “утилалым ауадай керек” деген сарындағы ақпараттарды аңқытып жатыр.
Диас Нұрақынның жазбасы
