Алматы облысында аударылған автобустың видеосы тарады
Кеген ауданындағы жол апатынан кейінгі жағдайды көрсететін бейнежазбаны Facebook-тегі парақшасына жариялаған белгілі журналист Диас Нұрақын осы оқиғаға қатысты мәселе көтеріп отыр.
"Көлсайға бара жатқан туристер апатқа ұшырапты" деген ақпаратты қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын күнге жеттік. Себебі жылда қайталанады. Былтыр да бір топ адам Қайыңдыда қырылып қала жаздаған. Бүгін 37 саяхатшы мінген автобус Аласаның тауында аударылып қалды. Алла оңдап, бәрі дін аман екен.
Көлсайдағы жабайы туризмді тоқтатпайынша бұл жағдайдан қашып құтыла алмаймыз. Кеген ауданындағы жолдар өте қауіпті. Себебі таулы аймақ болғандықтан ирелең-қиралаңы көп. Тар, республикалық маңызы бар деген талапқа сай келмейтін бұл жолдармен сала-құлаш автобустар жүре алмайды. Өте қауіпті.
Бірақ тек пайданы ойлағандар туристерді топырлатып тиеп алып, күн-түн демей Көлсайға ағылуда. Бір күнде Қара каньон, Көлсай, Қайыңдыны аралатып, тіліңді салақтатып түнделетіп қайтадан Алматыға жеткізіп тастайды. Жүргізушілері демалмастан ертесі таңғы бесте қайта жолға шығады. Оларды қадағалап жатқан жан жоқ.
Кеше ғана ауылдан келдім. Автобус аударылған жердің жолы әбден бітіп кетіпті. Ойылып, көп жерлері "гормошка" болып қалған. Әсіресе, Көкпектің жазығынан өтіп, Райымбек батырдың ескерткішіне дейінгі аралықта ішек-қарның қозғалып, Байсейіттен жеп алған арзан шашлык асқазанға жетпей аузыңнан ақтарылып шығады. Күніне мыңдаған турист өтетін күре жолды "ҚазАвтоЖол" қашан жөндер екен? Шетке тартсаң доңғалағыңды қырқып түсетін, ортаға алсаң астыңды тесетін толқып кеткен асфальтқа пенопласт болса да бірдеңе төсеп қойыңдаршы, өтініш?!
Қоқайған 50 орындық Сетра автобустары жазда Көлсайдың тұрағына сыймай, тар жолдың бойында тығылысып тұрады. Тау бауырлап салынған жолдың бір қапталы биік құз. Екі көлік әрең өтетін сол жерден туристер мінген үлкен автобус ұшып кетпесін деп тілейік. Одан аман қалу мүмкін емес. Жаман айтпай жақсы жоқ. Сондықтан қазірден қауіптің алдын алған дұрыс", - деп жазады Диас Нұрақын.
Алматы облысында 40-қа жуық адам отырған автобус аударылып қалғанын бұрынырақ хабарлағанбыз.
