Алматыда бұрынғы әйелін ұрып құлатқан жігіт ол жерде тек қол сермегенін айтты
Алматыдағы Life Town тұрғын үй кешенінде бұрынғы әйелі Салтанат Ақботаеваны ұрып құлатқан видеосы тараған Александр Ким бұрын құқық қорғау органында істеген екен. Қазір заңгер. Ол әлеуметтік желіге өзін ақтайтын бейнежазба салды.

Александр сол 4 сәуірдің түнінде Салтанатты әдейі ұрмағанын, тек өзін ұстай алмай, қолын қатты сермеп жібергенін айтады. Оның бұлай ашулануына қызғаныш себеп болған.
Сондай-ақ Александр мұндай ұрыс-керіс, бір-бірінің затын сындыру айырылысып кеткенге дейін де болғанын айтады. Ал сол ұрыс болған түні ол Алматыға сонау Тараздан келіпті.
«Тараздан Алматыға Салтанатқа келе жаттым. Кезекті рет отбасымызды сақтауға тырыстық. Ол мені күтіп отырды. Маған «абайлап жүр» деді. Алайда Алматыға келген соң... Екеуміз кездестік, бәрі жақсы сияқты еді. Үйге кіріп жатқанда мен оның телефонын сұрап алдым. Оның, балаларымның фотосуреттерін көргім келді. Ал одан бейтаныс бір жігітпен тұрған суретін байқап қалдым. Содан кейін не болғанын білмеймін. Бәлкім, қызғаныш шығар. Сосын оның телефонын жерге ұрып сындырдым. Видеода Салтанатты қатты ұрғандай болып көрінуім мүмкін. Бірақ мен тек қолымды қатты сермеп жібердім. Яғни мен оны әдейілеп ұрған жоқпын», – дейді Ким.
Дегенмен, видеода оның бұрынғы әйеліне кәдімгідей қатты соққы беріп құлатқаны анық көрініп тұр.
Осыдан кейін Салтанат Александрдың үстінен арыз жазады. Бірақ іс бірден қаралмапты. Полиция тек видео тарағаннан кейін ғана әрекетке кіріскен. Ол екі күн бұрын әлеуметтік желіде осыны айтып жазба жариялады.
«Мен зорлықшымен 11 жыл некеде тұрдым. 4 баламыз бар. Осыншама жылдар бойы жан жарасы мен тән жарасын салған жағдайлар болды. Соңғы бір жылда онымен бірге тұру адам төзгісіз еді! Ұрып-соғу мен қорлау жиілеп, тіпті аяусыз болып кетті. Мен бұл адамнан қорқамын!
Бұл адам өзі бұрынғы қызметкер (құқық қорғау органында – ред.) және қазір заңгер. Оның тамыр-таныстары бар және бәрін телефон шалу арқылы шешеді. Кез келген адамды сатып алуға болады деп ойлайды. Ол бұл әрекеті үшін тиісті жазасын алуы керек. Бірақ біз мынадай гуманистік елде тұрамыз ғой. Егер сіз мүгедек болмасаңыз немесе өліп қалмасаңыз, қылмыс құрамы жоқ деп іс жабылады.
Екеуміз 7 айдан бері бірге тұрмаймыз. Ресми түрде ажырасқанымызға 4 ай болды. Бұған ұрып-соғу, жаман әдетке тәуелділік және көзіме шөп салуы себеп. Балаларымды алып, Тараздан Алматыға көшіп келдім. Ол көзіме көрінбесе екен деп тіледім. Бірақ бұл жерде де тыныштық бермеді. Қайта қосылайық деп келеді. Бас тартсаң, қоқаң-лоқы, мен соққы жасайды. Сол күні де маған қайт деп айту үшін келген. Мен тағы бас тартып едім, телефонымды жерге ұрып быт-шытын шығарды. Қоқыс салғышқа лақтырып тастаған телефонымды алып жатқанымда, ол мені ұруға дайындалып тұрды. Сол соққыдан кейін мен көпке дейін өз-өзіме келе алмадым», – деп ашына жазған Салтанат Ақботаева.
