Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Алматыда «Зиманов энциклопедиясының» салтанатты тұсаукесері өтті

2026 жылғы 19 ақпанда Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Зиманов энциклопедиясының» салтанатты тұсаукесері өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 35 жылдығына, ҚР Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына және академик, заң ғылымдарының докторы, профессор Салық Зиманұлы Зимановтың 105 жылдығына арналды.Салтанатты жиынды университеттің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Сұлтан Ертай ашып, академик С.З. Зимановтың отандық құқық ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи үлесін атап өтті.

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының атынан вице-президент Серікқанов Абай Серікқанұлы құттықтау сөз сөйлеп, академиктің ғылыми мұрасы тәуелсіз Қазақстанның конституциялық дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Жиында ҰҒА академигі Мұрат Жұрынұлы Жұрынов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов, Қазақстан ғалымдар қауымдастығының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразалы Сабденұлы Сабденов және академиктің шәкірттері мен ізбасарлары сөз сөйледі. Олар Салық Зимановтың ғылыми мектебі, құқықтық мемлекет қалыптастырудағы тарихи миссиясы және ұлттық заңнаманы жүйелеудегі рөлі туралы ойларын ортаға салды.

Сөз сөйлеушілер академиктің 1990 жылғы «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын» әзірлеуге қатысуы және тәуелсіз Қазақстанның конституциялық негіздерін қалыптастырудағы ғылыми-теориялық үлесі айрықша маңызға ие болғанын атап өтті. Оның мемлекет және құқық теориясы саласындағы тұжырымдары елдің конституциялық реформалары кезеңінде құқықтық жүйені жаңғыртуға зияткерлік негіз болғаны айтылды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Куспан Айгүл Сайфоллақызы құттықтау сөз арнап, академиктің егемендік идеясын құқықтық тұрғыдан негіздеудегі және ұлттық заңнаманың тұғырын бекітудегі қызметіне жоғары баға берді.

Іс-шара барысында ғылым мен құқық саласына елеулі үлес қосқан бірқатар ғалымдарға, заңгер-ұстаздарға және ғылыми ізбасарларға Ұлттық заң академиясының арнайы медалі табысталды. Марапат академик Салық Зимановтың есімімен байланысты ғылыми мұраны насихаттауға және құқық ғылымын дамытуға қосқан үлес үшін берілді.

Шараның ұйымдастырылуына Ұлттық заң академиясы ұйытқы болды. Академия президенті Бахытжан Жүрсінұлы Қуандықов энциклопедияның жарық көруі ғылыми қауымдастықтың ортақ еңбегінің нәтижесі екенін атап өтіп, бұл басылым жас заңгерлер мен зерттеушілер үшін маңызды танымдық әрі әдістемелік құрал болатынын жеткізді.

«Зиманов энциклопедиясы» – академиктің өмір жолы мен ғылыми қызметін, конституциялық құқық саласындағы еңбектерін, егемендік декларациясына қатысты ғылыми көзқарастарын және оның ғылыми мектебінің қалыптасуын жүйелі түрде қамтитын кешенді басылым. Еңбекте мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мақалалары, авторлық ұжым құрамы, қосымшалар мен көрсеткіштер беріліп, ғылыми айналымға қолайлы құрылым жасалған.

Жиын соңында академиктің келіні Зиманова Жанат Джусуповна сөз алып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдіріп, Салық Зиманұлының өмірі мен қызметінен естеліктерімен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының профессоры,

з.ғ.к., Ұлттық Заң академиясының академигі Исабеков Ақылбек Қашқынұлы

0
0
487

Осы тақырып бойынша

Алматыда «Зиманов энциклопедиясының» салтанатты тұсаукесері өтті - Yvision.kz