Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетте Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған әдеби-мәдени кеш өтті

 Халықаралық инженерлік-технологиялық университет қабырғасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ұлттық руханиятта айрықша орны бар Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай әдеби-мәдени кеш өтті. Бұл іс-шара университеттің рухани-мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып, студент жастардың көркем сөзге, поэзияға және ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Әдеби кештің негізгі мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттау ғана емес, сонымен қатар жастарды адамгершілікке, сезім тазалығына, өмірге саналы көзқараспен қарауға тәрбиелеу болды. Ақын поэзиясы арқылы адам болмысы, жауапкершілік, рухани адалдық секілді құндылықтар көркем сөзбен жеткізілді. Кеш поэтикалық мазмұндағы кіріспемен ашылып, Мұқағали жырының философиялық тереңдігі мен тәрбиелік мәні ерекше атап өтілді. Ақын өлеңдерінің тек әдеби туынды ғана емес, тұлғаны қалыптастыратын рухани құрал екені көрерменге анық сезілді. Мұқағали поэзиясының уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, бүгінгі жас ұрпақпен де үндесіп отырғаны кештің жалпы атмосферасынан айқын байқалды.

Іс-шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған слайд-презентация ұсынылды. Презентацияда Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасаз, өмір жолы, шығармашылық кезеңдері, поэмалары мен лирикалық мұрасының тақырыптық ерекшеліктері қамтылды. Ақын жырларындағы туған жерге сүйіспеншілік, анаға құрмет, махаббат пен адам тағдыры мәселелері бүгінгі жастар үшін де маңызды рухани бағдар екені атап өтілді. Кештің мазмұнын тереңдете түскен әсерлі сәттердің бірі – Мұқағали Мақатаевтың туған ауылынан шыққан МИТУ колледжінің мұғалімі Мерей Бекболатқызының сахнаға шығып, ақын өмірі мен шығармашылығы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісуі болды. Оның орындауындағы өлең шынайы сезіммен, ішкі тебіреніспен жеткізіліп, залда отырған көрерменді бір сәтке терең ойға жетеледі. Бұл сәт ақын поэзиясының өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі күнде де адам жүрегіне әсер ете алатын тірі рух екенін айқын көрсетті.

Көркем бөлімде студенттердің орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың «Ғашықпын» өлеңінен үзінділер ерекше ықыласпен қабылданды. Жастар өлең жолдарын тек жатқа оқып қана қоймай, оның мағынасын сезініп, көрерменге жүрекпен жеткізе алды. Сонымен қатар Мұқағалиға арналған арнау оқылып, ақынға деген құрмет пен сүйіспеншілік көркем сөз арқылы әсерлі түрде көрініс тапты.

Кештің есте қаларлық сәттерінің бірі – кітапхана меңгерушісі Махамбетова Зағи Сәдуақасқызының Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені» әнін орындауы болды. Әннің нәзік әуені мен терең мағынасы поэзиялық кештің жалпы рухымен үйлесіп, залда ерекше тыныштық орнатты. Тыңдаушылар ән арқылы ақын жырының сырлы әлеміне еніп, рухани тебіреніс сезімін бастан кешірді. Бағдарлама аясында студенттердің «Ромео мен Джульетта» шығармасы негізінде дайындаған сахналық қойылымы ұсынылды. Бұл көрініс махаббат тақырыбының ұлттық поэзия мен әлемдік классикада ортақ құндылық екенін көрсетті. Қойылым көрерменге сезімнің уақыт пен кеңістікке бағынбайтынын, адамзатқа ортақ рухани ұғым екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонымен қатар іс-шара барысында орыс және ағылшын тілдеріндегі өлеңдер орындалып, поэзияның тіл мен ұлтқа тәуелсіз, барша адамзатқа ортақ өнер екені айқын көрініс тапты. Бұл бөлім студенттердің көпмәдениетті ойлау қабілетін дамытуға және әлемдік әдебиетке деген құрметін қалыптастыруға бағытталды. Кеш интерактивті «Өлеңді жалғастыр» ойынымен жалғасып, көрермендердің белсенді қатысуына мүмкіндік берді. Қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдарын жалғастыру арқылы ақын жырларының халық жадында берік сақталғанын, оның поэзиясы ұрпақ санасында өмір сүріп келе жатқанын көрсетті. Бұл ойын көрермен мен сахна арасындағы рухани байланысты одан әрі күшейтті.

Әдеби-мәдени кештің қорытындысында Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы – жастарды адамгершілікке, сезім тазалығына, өмірге саналы көзқараспен қарауға тәрбиелейтін мәңгілік рухани мұра екені ерекше атап өтілді. Осындай мәдени іс-шаралар студенттердің рухани дамуына, әдеби талғамының қалыптасуына және ұлттық мәдени мұраға деген құрметін арттыруда маңызды рөл атқарады. Аталған әдеби-мәдени кеш университеттің тәрбиелік бағытын айқындайтын, жастардың рухани дүниесін байытуға бағытталған мазмұнды әрі мәнді мәдени оқиға ретінде жоғары деңгейде өтті.

«Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жаппасов Жарылқасын Еркінұлы.

0
0
377

Осы тақырып бойынша

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетте Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған әдеби-мәдени кеш өтті - Yvision.kz