Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Бақытжан Базарбек: Конституция жобасында шетелдіктерге жер сатуға мүмкіндік беретін ешқандай норма жоқ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желілерде тараған «жаңа Конституция жобасы шетелдіктерге жер сатуға жол ашады» деген ақпаратты жоққа шығарды.

Ол Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде мұндай мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын және қоғамды әдейі адастыруға бағытталғанын атап өтті.

Депутаттың айтуынша, Конституцияның жаңа жобасында жерді шетел азаматтарына сатуға рұқсат беретін де, Президентке немесе болашақ Құрылтайға жерді өз қалауынша бөлу құзыретін беретін де ешқандай норма жоқ. Оның сөзінше, жер және табиғи ресурстарға қатысты ережелер қолданыстағы құқықтық ұстанымдар толық сақталған күйде ұсынылып отыр.

Ол Конституция жобасындағы тиісті норманы келтіріп өтті:

«Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін».

Бақытжан Базарбектің айтуынша, «жер сатылып кетеді» деген әңгімелер — не құқықтық сауатсыздықтың салдары, не болмаса қоғамды әдейі адастыруға бағытталған манипуляция.

Сондай-ақ депутат ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беруге тыйым салу мәселесі Конституциямен емес, Жер кодексімен реттелетінін еске салды. Атап айтқанда, бұл норма Жер кодексінің 24-бабында нақты бекітілген. Ал жаңа Конституция жобасы аталған тыйымды жоймайды, әлсіретпейді және қайта қарамайды.

Жер саласындағы нақты жұмыстарға тоқталған Бақытжан Базарбек «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы туралы айтты. Ол аталған комиссия төрағасының орынбасары екенін атап өтті. Оның мәліметінше, соңғы төрт жылда мемлекет меншігіне 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылған.

Депутат бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын және ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына заңсыз беру фактілерінің барлығына Бас прокуратурамен бірлесіп қатаң құқықтық баға берілетінін жеткізді.

Сөз соңында Бақытжан Базарбек азаматтарды жерге қатысты заңбұзушылықтарға куә болған жағдайда «Жер аманаты» комиссиясына хабарлауға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстанда жер мәселелері енді жабық және бейресми жолмен шешілмейді.

«Жаңа Конституция шетелдіктерге жер сатуға жол бермейді. Жер — халықтың ұлттық байлығы болып қала береді», — деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.

0
0
202

Осы тақырып бойынша

Бақытжан Базарбек: Конституция жобасында шетелдіктерге жер сатуға мүмкіндік беретін ешқандай норма жоқ - Yvision.kz