Халықаралық инженерлік-технологиялық университетте
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша ғылыми-талдамалық отырыс өтті.
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетте Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын ғылыми-талдамалық тұрғыда қарастыруға арналған кеңейтілген отырыс өтті. Іс-шара университет басшылығының, проректорлар құрамының, құрылымдық бөлімшелер мен кафедра меңгерушілерінің, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің қатысуымен ұйымдастырылды. Отырыстың негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасын саяси пікірталас деңгейінде емес, жоғары оқу орнына тән ғылыми объективтілік, құқықтық дәлдік және академиялық әдеп қағидаттары негізінде талқылау, құжаттың мазмұнын жобадан ауытқымай кәсіби тұрғыда пайымдау, сондай-ақ оның білім, ғылым, мәдениет, адами капитал және институционалдық даму салаларына қатысты тұжырымдамалық бағыттарын университеттік ортада талдау болды.
Отырысты университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР ҰИА академигі Ақпанбетов Дархан Берікұлы ашты. Ректор өз сөзінде жаңа Конституция жобасын жекелеген саяси шешім немесе ағымдағы реформаның нәтижесі ретінде ғана емес, мемлекеттің өзін-өзі тану логикасын, тарихи санасын және болашақ даму бағдарын айқындайтын іргелі құқықтық құжат ретінде қарастыру орынды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция әрдайым белгілі бір кезеңдегі қоғамның құндылықтарын, басымдықтарын және стратегиялық бағыттарын жинақтайтын құқықтық мәтін болып табылады.
Ректор ресми жарияланған ақпараттарға сүйене отырып, жаңа Конституция жобасының қоғамдық және сараптамалық талқылаулардың нәтижесінде әзірленгенін, бұл үдеріске құқық саласының мамандары, ғылыми орта өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың тартылғанын атап өтті. Ол конституциялық өзгерістердің мазмұны құжатты қабылдаумен ғана шектелмей, оны түсіндіру, іске асыру және құқық қолдану тәжірибесі арқылы айқындалатынын айтты. Осы тұрғыда университеттік қауымдастықтың міндеті – жаңа Конституция жобасын ғылыми жауапкершілікпен талдап, құқықтық мәдениетті нығайтуға және кәсіби пікір алмасу дәстүрін қалыптастыруға үлес қосу.
Ректор өз сөзінде жаңа Конституция жобасының Преамбуласында мәдениет, білім, ғылым және инновациялардың мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалуына ерекше тоқталды. Бұл тәсіл мемлекеттің даму моделін табиғи ресурстармен ғана емес, ең алдымен адами капитал мен зияткерлік әлеуетті дамыту арқылы қарастыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол академиялық орта тұрғысынан алғанда, білім беру саласына қатысты кейбір нормалардың құқықтық деңгейде нақтырақ айқындалу қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, білім алу құқығының субъективтік құқық ретінде тікелей бекітілуінің жеткіліксіздігі, жоғары білімге қолжетімділік, академиялық еркіндік пен білім беру ұйымдарының автономиясына қатысты кепілдіктердің декларативті сипатта қалу қаупі университеттер үшін институционалдық тұрғыдан маңызды мәселе екенін айтты. Ректордың пікірінше, бұл мәселелерді салалық заңнама деңгейінде нақтылау Конституцияның құндылықтық бағдарларын сақтай отырып, білім мен ғылымды дамытудың құқықтық негізін жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Отырыста университеттің басқару құрамы өз бағыттары бойынша мазмұнды пікірлерін білдірді. Академиялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Абдилдаева Асель Асылбекқызы білім беру саласы үшін конституциялық деңгейдегі құқықтық айқындықтың маңызына тоқталды. Ол жоғары білім беру жүйесінің тұрақты дамуы академиялық жоспарлау, сапаны қамтамасыз ету және басқару мәдениетімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Проректордың айтуынша, жаңа Конституция жобасында адами капиталды дамытуға басымдық берілуі университеттердің білім беру миссиясын күшейтіп, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға институционалдық негіз қалыптастырады. Бұл ретте құқықтық тұрақтылық пен болжамдылық білім беру бағдарламаларын ұзақ мерзімге жоспарлау, академиялық ұтқырлық және халықаралық серіктестік үшін маңызды алғышарт болып табылады.
Ғылым, инновациялық саясат және маркетинг жөніндегі проректор Каруна Оксана Леонидовна ғылым мен инновация саласына қатысты пікір білдіріп, ғылыми-зерттеу қызметі мен инновациялық жобалардың ұзақ мерзімді сипаты құқықтық және институционалдық тұрақтылықты талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, ғылым мен инновацияны мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындау университеттердің зерттеу инфрақұрылымын дамытуға, ғылыми кадрларды даярлауға және қолданбалы зерттеулерді өндіріспен ұштастыруға қолайлы орта қалыптастырады. Проректор жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымның дамуына ерекше назар аударылуы университеттік ғылыми қауымдастық үшін маңызды стратегиялық бағдар екенін атап өтті.
Әкімшілік-шаруашылық қызмет жөніндегі проректор Кузанов Хамит Сабитұлы институционалдық өзгерістер жағдайындағы басқару мәдениеті мен ұйымдастырушылық тұрақтылық мәселелеріне тоқталды. Ол кез келген құқықтық жаңғырту кезеңінде басқару жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі, өкілеттіктер мен жауапкершіліктің нақты бөлінуі, ішкі тәртіп пен институционалдық үйлесімнің сақталуы маңызды екенін атап өтті. Бұл тұрғыда жаңа Конституция жобасындағы басқару институттарын нақтылау логикасы университеттің ішкі басқару жүйелерін жетілдірумен де үйлесім табатынын жеткізді.
Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Жеңісова Ақбота Жеңісқызы отырыстың оқу-ұйымдастырушылық маңызын атап өтіп, университет қабырғасында жаңа Конституция жобасын талқылау студенттер мен оқытушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, дәлелді пікір айту мәдениетін қалыптастыруға және академиялық әдеп нормаларын нығайтуға ықпал ететінін айтты. Оның пікірінше, мұндай талқылаулар білім алушылардың қоғамдық маңызы бар құқықтық құжаттарды саналы қабылдауына және құқықтық мәдениеттің қалыптасуына оң әсер етеді.
Отырыстың гуманитарлық-тарихи бөлігінде «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаппасов Жарылқасын Еркінұлы жаңа Конституция жобасының Преамбуласына енгізілген тарихи тұжырымдарға тоқталды. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің ресми түсіндіруіне сәйкес, Преамбулада алғаш рет Қазақстанның «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы» құқықтық деңгейде бекітіліп отыр. Бұл тәсіл Қазақстан мемлекеттілігін тек ХХ ғасыр оқиғаларымен шектемей, оны осы аумақта қалыптасқан ұзақ тарихи даму үдерісінің жалғасы ретінде түсіндіруге бағытталған.Мемлекеттік хатшының пайымдауынша, 1995 жылғы Конституцияда тарихи фактор арнайы көрініс таппаған болса, жаңа мәтінде тарих мемлекеттіліктің іргелі негіздерінің бірі ретінде ұсынылады. Бұл жерде тарих идеологиялық сипатта емес, қоғамды біріктіретін ортақ тарихи кеңістік ұғымы арқылы беріледі. Мұндай формула Қазақстан халқының қалыптасуын бір ғана кезеңмен немесе бір ғана саяси жүйемен байланыстырмай, ұзақ мерзімді тарихи эволюция тұрғысынан пайымдауға мүмкіндік береді.
Преамбуладағы тарихи сабақтастық мәселесі мемлекеттік тіл нормаларымен де мазмұндық тұрғыда ұштасады. Конституция жобасында қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде нақты әрі бірмәнді бекітілген. Осылайша, Преамбула Қазақстанның тарихи дамуын, мәдени сабақтастығын және құндылықтық бағдарын жинақтап көрсететін тұжырымдық бөлімге айналып отыр. Тарихи тұрғыдан алғанда, бұл – мемлекетті өзін уақытша саяси құрылым емес, терең тарихи негізі бар, ұзақ эволюция нәтижесінде қалыптасқан құбылыс ретінде бекітуге ұмтылысы.Сонымен қатар, білім мен ғылымның, адами капиталдың мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалуы университеттік қауымдастық үшін ерекше мәнге ие. Бұл норма Қазақстанның даму бағытын табиғи ресурстарға ғана емес, интеллектуалдық әлеуетке сүйенген модельмен байланыстыруға ұмтылысын көрсетеді.Салалық-экономикалық бағыт бойынша «Экономика және бизнес» кафедрасының меңгерушісі Дильдебаева Жұлдыз Тұрсынқызы құқықтық айқындық пен институционалдық тұрақтылықтың әлеуметтік-экономикалық жоспарлау мәдениеті үшін маңызын атап өтіп, жаңа Конституция жобасындағы жалпы құқықтық бағдарлардың экономикалық қатынастардың орнықтылығына ықпал ететінін жеткізді. Инженерлік-технологиялық бағыт бойынша «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы» кафедрасының меңгерушісі Абуова Алтынай Бурхатқызы өндірістік салада кадр даярлау, ғылым мен өндірістің ықпалдасуы, қолданбалы жобаларды ұзақ мерзімге жоспарлау мәселелері құқықтық және институционалдық тұрақтылықпен тікелей байланысты екенін кәсіби тұрғыда атап өтті.
Отырыстың қорытындысында қатысушылар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын университеттік ортада ғылыми-талдамалық форматта талқылау қоғамдық маңызы бар құқықтық құжаттарды кәсіби деңгейде зерделеу тәжірибесін нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға және ашық академиялық пікір алмасуды қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Талқылау барысында жоба мазмұнын сақтау, жобадан ауытқымау, дәлелсіз тұжырымдардан бас тарту және академиялық әдеп нормаларын ұстану қағидаты басшылыққа алынды.
Автор: Жаппасов Жарылқасын Еркінұлы, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор
