Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы ашылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы жаңа корпустың құрылыс барысымен танысты. Бұл нысан биыл тамыз айында пайдалануға берілмек.
Ғимараттың жалпы ауданы 58 мың шаршы метрден асады. Мұндағы стационар 210 төсек-орынға есептелген. Оның ішінде 24 орын анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімдеріне, 150 орын күндізгі стационарға арналған. Жоспарға сәйкес бұл ауруханада жыл сайын 6 мың науқас емделе алады.

Мемлекет басшысына жаңа корпуста қатерлі ісіктерді диагностика жасауға және емдеуге қатысты әлемдік бірегей технологиялар шоғырланатыны жөнінде мәлімет берілді. Мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен білім беру тәжірибелерін жүзеге асыруға жағдай жасалады.
«Әлемде мұндай орталықтар өте аз. Бұл біздің аймақтағы медициналық тәжірибе мен ғылымды ұштастыратын озық мекеме болмақ», – деді Президент.
