Мазмұнға өту
Обложка сообщества Путешествия

Айша Бибі және Бабажы Қатын кесенелері туралы

Осыдан біраз бұрын Тараз жеріне сапарымыз барысында едәуір нысандармен танысқан едік. Бір жақсы жері Жамбыл облысындағы көрікті һәм қызықты нысандардың басым бөлігі қалаға жақын маңда және шаһар ішінде орналасқан.

Ақыртас кешенінен өзге, маған өте қатты ұнаған кешендер - ол Айша Бибі және Бабажы Қатын кесенелері болды.

Айша Бибі кесенесі Тараз қаласынан батысқа қарай 20 шақырым жерде, Айша Бибі ауылында орналасқан. Бабажы Қатын кесенесімен бірге мемориальды кешенді құрайды, республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих һәм мәдениет ескерткіштері қатарында. Сонымен бірге, 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.

Осыдан мың жыл бұрынғы кесене қабырғаларын ұстау сондай ғаламат әсер береді екен, бұл жағынан (жасы жағынан) ол Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кешенінен де ерте болып тұр, екі кесене қатар тұрғанымен екеуінің сәулетінде айырмашылықты бірден байқауға болады.

Мысалы, Айша Бибі кесенесі құрылысы ХІ-ХІІ ғасырларда салынған жергілікті сәулет өнерінің ерекшеліктерін сақтай отырып, ұлттық нақыштармен безендірілген. Жалпы көлемі 7,6х7,6 м болатын кесененің құрылысы өсімдік тәріздес және геометриялық пішіндегі 62 түрлі ою-өрнекпен өрнектелген қыш кесектен өрілген. Төрт бұрышты, мұнаралы бағандармен шегенделіп, төбесі күмбезді етіп көмкерілген. Әрине, түпнұсқа қыш кесектері мен кейінгі қапталған қыш кесектер арасындағы айырмашылықты байқауға болады, бірақ, шынын айтайын реставраторлардың жұмыстарын мінсіз атқарғаны көрініп тұр, тіпті, айырмашылықты байқай алмайсыз.

Кесенені тұрғызған шеберлердің қайталанбас өнер туындысы саналатын ескерткіштің салыну тарихы және оны салған тұлғалар туралы ресми мәліметтер жоқ, тек ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер қалған.

Ел жадында сақталған аңыздардың бірінде Айша XI ғасырдағы танымал ғалым, әрі ақын Хәкім Сүлеймен Бақырғанидің қызы болған деседі. Келесі бір аңызда Шығыс әулиелерінің бірі, сахабалар әулетінен шыққан киелі Зеңгі баба мен Әнуар бегімнің қызы делінеді. Аңыз желісі бойынша Айша сұлу сол кездегі әлеуетті Қарахан империясы Батыс қағанатының билеушісі Шах Махмуд Қараханмен кездесу үшін іңкәрлік сапарына шығып Таразға келе жатады. Қос қорғанды, құдіретті қалаға таяу қалғанда Айша ару аяқ суытып, жуынып – шайыну үшін қала іргесіндегі Аса өзеніне таяу жатқан Әулие бұлақ атты су көзінің жағасында аялдайды. Сол жерде қапыдан жеткен қауіптің тырнағына ілініп, сәукеленің ішіне кіріп алған улы жылан шағып, бақиға аттанады.

Азалы сәттің ауыр салмағынан жан-дүниесі жаралы болған жас баһадүр Қарахан Айшаны сол маңға арулап жерлеп, жас қабірдің басына адалдық белгісі ретінде махаббат күмбезі ретінде әсем кесенені тұрғызған деседі.

Шындығы бір Аллаға аян, біз жеткізушіміз, десек те кешеннен белгілі бір тұлғаға (бәлкім ханшайымға) салынғанын байқаймыз.

Менің бір байқағаным басқа нысандарға қарағанда туристер қарасы көп көрінді, еліміздің түпкір-түпкірінен лек-легімен келушілер молынан екен.

Бір жағынан адамдардың махаббатқа деген іңкәрлігі болар, екінші жағынан ұрпақ сүюді арман еткендер де көп па деп ойладым.

Ал, Бабажы қатын кесенесісіне келетін болсақ, ол X-XI ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші екені белгілі. Тараз қаласынан 20 шақырым жерде Айша Бибі кесенесі жанында орналасқан.

Текше тәрізді тік бұрышты, қызыл кірпіштен тұрғызылған ескерткіштің ауданы 6,8х6,8 метр, биіктігі 5 метр, қабырғаларына қаланған кірпіштің көлемі 24х24х5 см. Қасбеті мен 2 қапталы бір-біріне ұқсас, мәнерлеп қаланған кірпіштен күн тәрізді өрнектер жасалған. Жоғары жағы аркалы, ішке кірер есік шығыс жақ қабырғасында сегізқырлы барабанға ауысатын тромпбелдеу жасалған. Оның үстінен ішкі еңсенің 16 қырлы күмбез басталады. Ал сыртқы күмбезі биіктігі 86 см қырлы призманың үстіне орнатылған. Мұндай қобылы күмбездер Қазақстандағы Көккесене, Жұбан Ана сияқты көне ескерткіштерде кездеседі. Бір-біріне қаптай салған қос күмбез ескерткіштің ұзақ сақталуына себепші болған. Күмбез тұғыры аршамен құрсауланып, тақталардан суағарлар жасалуы сол кездегі құрылыс өнерінің өте жоғары дәрежеде болғанын көрсетеді. Ғимаратта шағын көлемдегі сәулеттік нақыштар ұтымды әрі үйлесімді пайдаланылған. Бабажы Қатын кесенесі сыртқы пішімінің жинақылығымен, құрылысының беріктігімен ерекшеленеді. Бабажы қатын кесенесі өзнің қос қисығы бар он алты қабырғалы шатыр төбелі ерекшелігімен әйгілі. Шатырлы, қабырғалы жабуы орта ғасырлық сәулет өнері мен қазіргі заманғы кесенелердің еш бірінде жоқ. Ондағы эпиграфиялық айшық мұнда жерленген әйелдің аты-жөні бізге жеткізіп отыр. Аңыз бойынша ол әйел Айшаның қамқоршысы болған, сапарларында еріп жүрген кезінде қасында болған. Айша қайтыс болған соң оның мазарының шырақшысы болған деседі.

Қалай десек те қос кешен туристер үшін өте танымды һәм қызықты дер едім.

Фотоға түсірген - Махмутжан Мамытов!

Ашық дерек көздері пайдаланылды!

#Saparlike, #Таразтуризм, #ішкітуризмдідамыту

0
0
1047

Осы тақырып бойынша