Қазақ ұлдары арасынан шыққан алғашқы балет бишісі кім екенін білесіз бе?
Иә, білесіз бе? Біз осы күнге дейін білмей келіппіз. Оны енді төмендегі жазба арқылы тани аласыз.

...Бір орайы келгенде орнымнан тұрып, Саятқа (Медеуов - ред.) “Алмас Бекбосынов деген есім сізге таныс па?” деп сауал тастадым. Отырғандардың ешқайсысы естімеген боп шықты. Қысқаша айтып бердім. Себебі 2017 жылы телеарнада істеп жүргенде қазақтан ерлер арасынан шыққан тұңғыш кәсіби балет бишісі туралы бірнеше сюжет жасағанмын. Біз балет бишісі десе БолатАюхановты айтамыз. Соғыстан кейінгі жылдары АҚШ-қа барып, көкпар биін билеп, америкалықтарды таңғалдырған қазақ жігіті кім еді?Алғашқы 10 минуттық зерттеу репортажынан кейін редакцияға көп қоңырау соғылды. Тіпті Кенен ауылынан бір ақсақал келіп, біздің түсіру тобымызды және өнер зерттеушісі Айдар Жорановты ауылға қонаққа шақырды. Жамбыл облысы Кенен ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Мергенбай Құттымбетов ауылдың мәдениет үйіне жүздеген адам жинапты. Сол жерде сюжет көрсеттік. Артынан барған қонақтарға шапан жауып( жап-жас боп шапан жапқанға ұялғанбыз) ас беріліп, құран оқылып, құрмет көрсетілді.Мергенбай Құттымбетов, Жамбыл облысы Кенен ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы: “Мен архивте сіздердің сюжеттеріңізден кейін бір айдай отырдым. Әрине, басшылыққа алынған сіздердің еңбектеріңіз. Онсыз біз мұны білмейтін де едік. Ауылымызға ардақтымыз оралды. Міне, бүгін барша халық жиналып, осы кісінің рухына басымызды иіп, келелі әңгімелер айтып жатыр. Халық бар ғой, осы жерде бір толғаныста отыр”,- деді ауыл ақсақалы.Кенен Әзірбаевтай тұлғаны тудырған топырақтан жаралған Алмас Бекбосынов Орталық мұрағаттан табылған дерек бойынша 1924 жылы өмірге келген. Әкесі Бекбосын Диханбаев қазіргі Қордай ауданында жылқышы болған. Жиын-тойда би билеп жүрген Алмастың өнерге қабілеті барын білген соң, туыстары 1937 жылы Алматы қалалық музыкалық училищесіне оқуға түсіріп, сол жерде екі жыл білім алады. Тума талант 16 жасынан бастап Қазақ мемлекеттік филармониясында, одан соң Абай атындағы опера және балет театрында солист болған. Оның Америкаға гастроль кезінде билеген «Көкпар» биіне көрермендер орнынан тұрып, тасырлата қол соққан! Небәрі 50 жыл өмір сүрген кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов халқымыздан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапаловамен жұптасып та өнер көрсеткен. Осы күнге дейін ұмыт болып келген өнер иесінің есімін ел есінде қалдыру үшін жерлестері Жамбыл облысы аумақтық ономастика комиссиясына өтініш жолдап отыр, деппіз.Одан бері 7-8 жыл өтті. Google желісіне кіріп Алмас Бекбосынов деп терсеңіз, Уикипедиядағы өмірбаяны, одан соң Астана Телеарнасында мен жасаған 2 сюжет шығады. Ол кезде Жайна Сламбек бағдарлама жетекшісі еді. Басқа деректер некен-саяқ. Ол кісі 1962 жылы бір орысша фильмде эпизодта ойнаған...
Журналист Ришат Асқарбекұлының жазбасы (сәл қысқартылған)
