Белгілі ақын филология факультетінің деканы болды
Ақын Серікзат Дүйсенғазы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ENU) филология факультетінің деканы болып тағайындалды. Бұл туралы осы ЖОО-ның Instagram-дағы парақшасында жазылды.

Тәжірибелі маман 22 жылдан бері ENU қабырғасында еңбек етіп келеді.
Серікзат Дүйсенғазы осы университеттегі еңбек жолын 2002 жылы қазақ және шетел әдебиеті кафедрасының оқытушысы болып бастады. Ол кейін доцент, деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Серікзат Дүйсенғазы филология факультетінің деканы қызметіне тағайындалғанға дейін ENU «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі болды.
Филология ғылымдарының кандидаты 100-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектердің, сондай-ақ Web of Science және Scopus деректер қорындағы мақалалардың авторы.
Серікзат Дүйсенғазы 2005 жылдан бері ENU «Топжарған» жас ақындар клубының жетекшісі ретінде студенттерге тәлім беріп жүр.
