Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qogam

"Болашақ" бағдарламасы Қазақстанға қажет пе?

Соңғы кездері қазақстандықтардың шет елдерде оқып келуіне мүмкіндік беретін "Болашақ" бағдарламасына қатысты осындай мәселе туындай бастады. Біз әлеуметтік желіге шыққан соған байланысты пікірлердің бірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

undefined

Фото: eurasian-research.org


Тапсырыспен пост жазбайтын едім. Бұрынғы көмекшім Тимур Қамзин: ”Болашақты” жапқысы келеді, үн қоссаңыз” деп қоймай қойды.

Шынында да, “Болашақ” маған не берді деп ойланып қалдым. “Болашақ” маған емес, мен сияқты талайлар арқылы елге беріп жатыр деп ойлаймын.

Мені алар болсам, көп нәрсеге көзім жетті. “Қазақстанды қайтсек дамытамыз?” деген сұраққа жауап іздеп оқуға кетіп едім. Жауабын таптым.

Мықты профессорлармен жұмыс істеп, елді дамыту үшін экономиканы күрделендіру керек екенін, ол үшін ноухау керек екенін, ал ноухау біздің басымызға тәжірибе мен ақпарат арқылы қонатынын білдім.

Ол үшін алдымен бастарды дамыту керек, бастарға ақпарат атты қорек керек. Ол ақпарат әлемде бар. Түрлі тілдерде сақталады. Кімнің тілінде ақпарат көп, яғни кімнің тілі бай — соның өзі де бай.

Міне, түптеп келгенде Қазақстанның дамуы қазақ тіліне тікелей байланысты. Бұл тұжырымға көпшілік ғылыми зерттеу жүргізіп келмесе де, ақиқаты осы екенін іштей сезеді.

Жауап бәріміздің қолымызда бар. Оны іс-әрекетке айналдыруға келгенде бұрын да оң жамбасыма келетін тақырып еді, 2018 жылы оқудан келген жылы қор құрып, іске кірістік.

Мемлекетім “Болашақ” арқылы маған шамамен 30 млн тг ақша жұмсады.

Mazmundama жобасының аясында соңғы бес жылда 105 млн тг ҚҚС мен КТС салықтарын төлеппіз. Қаншама адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Ұжым төлейтін салық та негізінен мекеменің салығына айналып кетеді, себебі қызметкерлерге қолына алатын айлық маңызды.

Оған қоса, мемқызметте 3 жыл істеп, міндетімді орындадым.

Ең бастысы “Болашақ” арқылы Америкада оқуым түрткі болған Mazmundama төлеген салық емес, бестселлер кітаптарды қазақша сөйлетіп жатқан мұрамыз бір жыл, тіпті он жыл емес, қазақ деген халық барда, қазақ тілі барда мәңгілікке, келер ұрпақтарға жалғаса бермек. 5 жылда 400 кітап шығардық. 2050 жылға дейін 10 мың кітап шығармақпыз.

Жүз жылдан соң біз болмаспыз, бірақ қазақша сөйлеткен кітаптарымыз жүз жылдан кейін де қазақша сөлейтін ұрпаққа қызмет етеді, игілігіне жарайды.

Тапсырыспен жазған постымда айтпағым осы!

P.S. Әрине, елдің ақшасымен оқып, қалып қойып жатқандар да жоқ емес. Әркім ар-ұятының алдында өзі жауапты.

P.P.S. “Болашақ” арқылы бай-бағланның балалары ғана оқиды деген жаңсақ пікір бар. Шыны керек, бай-бағланның балалары “Болашақ” арқылы көп оқымаса керек, себебі қайтып келу керек, 3-5 жыл жұмыс істеуді міндеттейді. Сондықтан, “Болашақ” — шетелде оқуға талабы бар, бірақ қаржысы жоқ жастар арманын орындап, мақсатына жететін бірден-бір жол.


Шыңғыс Мұқанның жазбасы

0
0
348

Осы тақырып бойынша