Бопсалағыш блогерлер
Блогер деген кім өзі? Оның жұмысы тек өтірік ақпарат тарату, теңгеге жалданып мақала жазу, адамдардан алдап немесе бопсалап ақша алу ма?

Көрнекі фото: arnapress.kz
Олай дейтініміз, соңғы кездері олардың арасында әлгіндей әңгүдік әрекет жасайтындар тым көбейіп кетті. Бүгін ғана сондай жағымсыз жағдай туралы ақпарат тарап жатыр.
Қызылордада блогер мен оның әріптесі жергілікті құрылыс салушыдан 10 миллион теңге алып жатқан жерінен ұсталыпты. Бұл ақша ақпаратты таратпау үшін берілуі тиіс ақшаның жартысы көрінеді. Яғни аванс ретінде берілген.
Негізі, 44 жастағы азамат кәсіпкерден 20 миллион теңге бопсалапты. Мұншама мол ақшаны ол жұмысқа шетелдіктердің тартылғаны туралы өз арнасында хабарламау үшін талап еткен.
Блогер қасындағы 37 жастағы танысымен бірге уақытша ұстау қапасына қамалды.
Міне, елде журналистік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін осындай бопсалағыштар қаптады. Мұндайлар, негізі, блогерліктен де садаға кетуі керек. Өйткені бұл замануи мамандық иелері де нанын адал табатындар қатарынан болуға тиіс еді. Бірақ көбіне олай болмай тұр.
