Ерлан Тұрғымбаев ұсталды деген ақпаратқа қатысты Бас прокуратура түсініктеме берді
Еліміздің Бас прокуратурасы 2022 жылғы Қаңтардағы оқиғаларына байланысты қылмыстық істерді тергеу жалғастырылып жатқанын хабарлады.
Коллаж: Orda.kz
"Осы жылдың 29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Е.З.Тұрғымбаев ұсталды.
Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды", - делінген қадағалаушы органның хабарламасында.
Біз бұрынырақ Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарағанын жазғанбыз.
Ерлан Тұрғымбаев 2019-2022 жылдары Ішкі істер министрі болды. Ол 2022 жылдың ақпанында қызметінен кетіп, тамызда Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. Ал қыркүйекте Қазақстанның ШЫҰ Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымы Атқару комитетінің жанындағы тұрақты өкілі қызметіне кірісті.
