Халықтың МӘМС-ке төлеген ақшасы қайда сақталады?
Еліміздің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) өкілдері осы сұраққа жауап берді.

Фото: sputnik.kz
МӘМС дегеніміз, тарқатып айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұл жүйе ел тұрғындарының денсаулығын сақтау саласында олардың мүддесін әлеуметтік тұрғыда мемлекет тарапынан қорғауға арналған. Ол МӘМС-ке ақша төлеп отырғандарға дәрігерлік және дәрі-дәрмек жағынан дер кезінде, қолжетімді, сапалы көмек көрсетуді қамтамасыз етуге кепіл бола алады.
Оған салып отырған қаржымыздың қайда сақталатыны баршамызға қызық болары хақ. ӘМСҚ бұған толық жауап дайындапты.
Сонымен, барлық жарналар мен аударымдар еліміздің Ұлттық банкінің (ҰБ) арнайы шотына келіп түсіп, сонда сақталады. Ал одан ары қарай қаржы халыққа көрсетілген қызметті төлеу үшін медициналық ұйымдарға жіберіліп отырады. Бұл үшін жоғарыда аталған қор мен ҰБ арасында сенімгерлік басқару шарты жасалған.
Ұлттық банк артылған қаржыны (МӘМС есебінен көрсетілген медициналық қызметтерге төленгеннен қалатын ақша) қаржы құралдарының бекітілген тізбесіне сәйкес қатаң түрде бағалы қағаздар мен депозиттерге орналастырады.
Сондай-ақ, бұл жүйе қатаң бақыланып, оның қызметі мен активтеріне жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізіліп, бұл тұрғыда есеп те беріліп отырады.
