ІІМ елімізде мал ұрлығы азайғанын мәлімдеді
Ішкі істер министрлігі мал ұрлығын анықтау және осы қылмыстың жолын кесу мақсатында жедел алдын алу іс-шараларын жүйелі түрде жүргізіп жатыр.

Фотоколлаж: azh.kz
Полиция жыл басынан бері мал ұрлығын кәсіп еткен 200-ден астам адамды, оның ішінде 26 қылмыстық топты ұстаған. Биыл осы қылмыс үшін 65-тен астам адам сотталыпты. Олардың жартысы темір торға тоғытылып, 5 жылдан көп мерзім арқалаған.
"Қылмыстың бұл түрімен күрес жолға қойылған. Өңірлерде түлік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мал базарлары мен ет өнімдерін сататын орындар, мал сою цехтары үнемі тексеріледі. Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топтар анықталды. Қаскүнемдер ұрланған малды жүк көлігіне тиеп, әкетіп отырған. Негізгі күдіктілерден бөлек тасымалдаушылар және сатып алушылар құрықталды", - деп жазады Polisia.kz.
Айта кетейік, 2019 жылы мал ұрлығы үшін жауапкершілік күшейтіліп, Қылмыстық кодекске “Мал ұрлығы” деген жеке бап енгізілді. Соның нәтижесінде Қазақстанда соңғы 5 жылда мал ұрлығының саны 32% азайған.
