Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qogam

Қазақ аниматорлары неге шулап жүр?

Қазақ киносының төңірегінде үнемі дау болады да жатады. Бәрі дерлік ақшаға, оған мемлекеттен бөлінетін қаржыға байланысты.

Фото: КТК кадры

2005 жылы экранға шыққан бір «Көшпенділер» фильміне қатысты қаншама дау-дамай болғаны әлі күнге дейін есімізде. Көркем туынды жақсы болып шықты, әрине. Бірақ, әйтеуір, оның айналасындағы түрлі әңгімелердің жаңғырығы 20 жылдай уақытқа жетіп қалды. Бұл аралықта да талай даулардың, соттардың куәсі болдық.

Соңғы рет осыдан бір жарым ай уақыт бұрын Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Серік Жұбандықов бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оған жоғарыда айтылған «Көшпенділер» фильмінің түсіріліміне арнап Алматы облысында Іле өзенінің жағалауына салынған «Түркістан қаласы» атты жасанды қамалдың ақшасын жымқырды деген айып тағылған еді. Сөйтсе, бұл декорация сол кездегі нарықтық бағасынан 44 есе төмен қаржыға жасалыпты.

Енді жақында «Қазақфильмнің» аниматорлары шу шығарды. КТК телеарнасының хабарлауынша, бұған олардың еңбекақысының төленбеуі себеп екен. Мамандар соңғы бірнеше жыл бойы «Алтын адам» анимациялық фильмін жасаған. Ала алмай жүргендері – соның ақшасы.

«Біз келісім-шарт бойынша жұмыс істейміз. Бәрі заңды. Бірақ ақша төлеп жатқан жоқ. Ал компания бізге еңбекақы беріп отырғандай кейіп танытып, салық төлейді. Сондықтан оның мемлекет алдында қарызы жоқ», – дейді «Қазақфильм» АҚ анимация бөлімінің қызметкері Жанәділ Байдарбеков.

Киностудия басшылығы болса, еңбекақыны төлеп жатқанын айтады. Тек ол екі бөліктен тұрады екен. Яғни айлық және гонорар. Шығармашылық топтың ақшасы берілген. Ал басқа қосымша қаржыны төлей алмай отыр. Өйткені тапсырыс беруші туындыдан бас тартқан. Сондықтан қазір іс сотта қаралуда.

Тапсырыс беруші – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы. Орталық басшысы Құрманбек Жұмағалидың әлеуметтік желіде жазуынша, аталған анимациялық фильмнің жобасы 2020 жылы ұсынылып, оған 378 миллион теңге бөлінген. Туынды 2021 жылы тапсырылуы тиіс болғанымен, аяқталмай қалған. Ол 2022-де де өтпей қойыпты.

Құрманбек Жұмағали жобаның 2023 жылдың соңында да шикі жоба тапсырылғанына қарамастан 294 миллион теңгенің төленгенін айтады. Сондай-ақ ол қалған 84 миллион теңгенің неге төленбегенін түсіндіріпті.

Аталған орталық басшысының жазуы бойынша, сараптама кеңесі былтыр қабылданбаған туындыға қатысты 126 ескерту енгізген. Алайда олар уақытында түзетілмепті.

«Мәселе жылдарға созылды. Сондықтан Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Қазақфильм» арасындағы іс сотқа жетті. Ал аяқталмаған жобаға мемлекет қаржы бөле алмайды. Осыған байланысты қалған 84 млн теңге каржы бюджет қазынасына қайтарылды», – дейді Жұмағали.

Не де болса, енді бұл мәселе сот арқылы ғана шешілейін деп тұр.


0
0
990

Осы тақырып бойынша

Қазақ аниматорлары неге шулап жүр? - Yvision.kz