Маңғыстау облысында мектеп директоры өз айыппұлдарын қоластындағыларға төлеткен

Фото: el.kz
Мұнайлы ауданындағы №3 арнайы мектептің қызметкерлері ай сайын басшылыққа ақша жинап беріп отырған. Онымен қоймай, директордың әкімшілік айыппұлдарын төлеуге мәжбүр болған. Бұл туралы облыс прокуратурасындағылар хабарлады.
Аудан прокурорлары аталған білім ошағын тексеру нәтижесінде мекеме басшылығы тарапынан болған бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Олар қоластындағылардан банктердің мобилдік қосымшалары арқылы ай сайын заңсыз қаражат жинап алып отырған.
«Бұдан бөлек, формальды бұйрықтар шығару және жеке тұлғаларға артық сыйақылар есептеу негізінде ақшаны заңсыз аудару деректері анықталды. Сондай-ақ, мектеп директоры өз қарамағындағыларды өзіне салынған әкімшілік айыппұлдарды төлеуге мәжбүрлеген», – делінген прокуратура хабарламасында.
Қазір мектептегі лауазымды қызметкерлерге қатысты қызмет бабын асыра пайдалану дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 361-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Жалпы, білім ошағында ақша жинау деген біздің елде таңсық жағдай еместігі мәлім. Бірақ қоластындағыларға айыппұлын мүлдем төлету жаңа нәрсе сияқты.
