«Майқайыңалтындағы» апаттан қаза тапқан құтқарушының қызы шағым айтты
Әлеуметтік желіде видео арқылы сөйлеген Олег Тышкевичтің қызының айтуынша, әкесі өзінің сүйікті жұмысында 27 жыл қызмет атқарған. Яғни ол кәсіби әскерилендірілген апаттан құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалында құтқарушы болып соншама жыл жұмыс істепті.

Апаттан кейін «Майқайыңалтын» АҚ мен аталған штабы басшылығының қаза тапқандардың отбасыларына 4,5 миллион теңгеден берілетіні айтылған еді. Бірақ Тышкевичтің қызы Яна Осолодкова сол көмек дұрыс берілмеді деп отыр.
«Әкемді жерлеген соң бізді барлығы ұмытты. Ешкім хабарласпады. Берген телефон нөмірлері жауап бермейді. Уәде етілген 4,5 млн теңге берілген жоқ. Тек «Майқайыңалтын» кенішінен 2 млн теңге көмек бөлінді. Маған тегін қызмет көрсететін психологтың көмегі қажет еді, ол да ұсынылмады. Қазір қызмет құны 20 мың теңге тұратын психотерапевтің қызметін пайдаланып отырмын. Әкемнің өлімінен соң жүйке жүйем бұзылып, депрессияға ұшырадым. Бұдан 1,5 жыл бұрын әкем екеуіміз анамды жоғалтып, қатты қиналған едік. Қазір қатты қамығу үстіндемін, не істеу керек екенін білмеймін. Әкемді жерлеу рәсіміне 1 млн теңгедей ақша кетті. Мен мәжбүрлі түрде Алматы қаласындағы ақылы клиникаға барып, 500 мың теңгеге емделдім. Белгілі себептерге байланысты қаңтар айында жұмыс істемедім. Жоғары тұрған органдардан ешбір қаржылай және моралдық көмек көре алмай отырмыз. Әкемнің өліміне кәсіпорын басшылығының немқұрайлығы себеп болды», – дейді Яна.
Сондай-ақ ол ағасы екеуінің қиын жағдайда қалғанын айтып, Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті мен «Майқайыңалтын» басшылығының өздерімен хабарласуын өтінді.
Айта кетейік, 4 қаңтардың түнінде Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» кенішінде үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.
Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды. Ал авттобус оның ішінде қалған екі адам әлі табылған жоқ.
