«Папам мамамды ұрып тастаған». Маңғыстаулық жігіт әкесінің үстінен арыз жазды
Маңғыстау облысында жігіт анасын ұрғаны үшін әкесінің үстінен полицияға арыз жазды.
Оның Мұнайлы ауданы полиция бөлімінің алдына келіп тұрған видеосы Instagram-ның abdulla_kz_kz парақшасында жарияланды. Шешесі таяқ жеген кезде басқа жақта жүрген жігіт әлгі жағдай үшін ауылына келген.
«Алматыдан ұшып келдім. Папам мамамды ұрып тастаған екен. Ол ішіп алып, анамды түн ортасында қуалап жүріп сабап, мүгедек болуға дейін апарған. Мұндай әкенің барынан жоғы. Бала кезімде мені де аямай ұрып, психологиялық соққы жасады. Енді жасы елуге келсе де анамды ұруын доғарар емес», – дейді ол.
Оқиға сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні болыпты. Жігіттің айтуынша, таңертең әкесін тәртіп сақшылары ұстап әкеткенімен, екі сағаттан кейін жібере салған. Сосын ол арыз жазу үшін полицияға барыпты.
Жігіт әкесіне лайықты жаза кесілуін тілейді.
