Су басқан өңірлерде құтқару, эвакуациялау және басқа жұмыстар түнімен жүргізілді
Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздегі су тасқыны жағдайына байланысты ақпараттарды күнде жариялап отыр.

Қазіргі уақытта Қызылжар ауданы Большая малышка ауылында құтқарушылар қоса берілген күштермен бірлесіп 894 жергілікті тұрғынды, оның ішінде 112 баланы эвакуациялады. Эвакуацияланған тұрғындар Пеньково ауылының уақытша эвакуациялық пункттерінде және туыстарында орналастырылды.
Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының саяжай алаптарынан жергілікті тұрғындарды және үй жануарларын қауіпсіз орындарға тәулік бойы эвакуациялау жұмыстарын жүргізуде.
Ақмола облысының Атбасар қаласында Жамбыл облысының құтқарушылары тәулік бойы еріген суды бұру жұмыстарын жүргізуде.
Самарқа ауылында 45 жергілікті тұрғын, оның ішінде 25 бала қауіпсіз орындарға көшірілді. Сондай-ақ, ауылдың орта мектебін қорғау үшін 1500 данадан астам қапшық төсеу жұмыстары жүргізілді.
Атырау облысындағы Құлсары қаласында ТЖМ қызметкерлері тәулік бойы іздестіру-құтқару, жағалауды нығайту жұмыстарын, сондай-ақ елді мекендердің су басқан учаскелерінен еріген суды бұру бойынша жұмыстар жүргізеді.
