Тағы бір іске қатысты сот отырысы тікелей эфирде беріле бастады
Бұл - Алматыда автобус жүргізушісін ұрып, соның салдарынан үш адамның өліміне себепкер болған тұрғынға қатысты сот.
"ҚР Жоғарғы соты және сот әкімшілігі республика соттарының сот отырыстарын тікелей эфирде өткізу практикасын жалғастыруда.
Алматы қаласында бұзақылық жасап, көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзып, абайсызда үш адамның өліміне әкеп соқтырғаны үшін айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтеді (ҚР ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігі, 351-бабының 3-бөлігі).
Сот отырысына қоғамның қызығушылығын ескеріп, сот отырыстарының онлайн-трансляциясын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды", - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Естеріңізге салсақ, сотталушы А. 47-ші бағыттағы автобустың әйел жүргізушісін соққылаған еді. Соның салдарынан жүргізуші әйел есінен танып қалып, аялдамада тұрған адамдарды автобуспен басып өтті. Сөйтіп, осы оқиғадан үш адам қаза тапқан болатын.
