Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qogam

Тоқаевтың насыбай туралы айтқаны желіде дау туғызып жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы Ұлттық құрылтайда насыбай туралы айтқаны қоғамдық пікірді екіге жарды.

Көптің бәрі деуге болмайды, бірақ, көп ішіндегі көкезулерге ыржаңдайтын әңгемнің шеті шықса болды, талапайға салады. Кешелі бері әлемжелінің іші насыбайға «толып кетті».

«Насыбай. Насыбайым болмаса, ауырады басым-ай». Енді қайттік, біреудің насыбай атып, най тартпаса, басы ауырады екен деп, бәріміздің басымыз ауырып, балтырымыз сыздауы керек пе? Көңілің осы бір атым насыбайдан қалып бара жатса – ат, алайда, насыбайыңды қақырық-түкірігіңмен араластырып, көлкілдетіп көрінген жерге тастама! Тазалық сақта, жидіме, өзге жұртты жиіркендірме!

Ауылда қариялардың насыбай атқанын көрдік. Әңгімені саумалдап сауып отырып, тілдің астына тастап кеп жіберіп, иә болмаса, ерінге қыстыра қойып, кейде танау астынан жүгіртіп, құп-құрғақ боп отыра беретін. Қазіргілер сияқты аузы-басы балжырап, итауызданып отырғандарын байқамаппыз. Кәйіп теуіп, күші қайтқан насыбайды «жайғасқан жерінен» білдірмей ала қоятын.

Насыбай ату серіліктің, салдықтың нышанындай да көрінетін. Қазақтың інжу-маржан ән-жырындағы Ақан серілердің «шақшаны қағып-қағып» атқанында бір бекзаттық та бар сияқты еді. Ал, енді, бүгінгілердің «атысынан» адам шошиды.

Бірде бағдаршамның алдына екі-үш машина қатар келіп тоқтай қалды. Сол екі-үш машинанының ішінде біз де отырғанбыз. Көзім түсіп кеткені – бір дүлей көлігінің есігін ашты да, көкала жалақты аузынан ақтара салды. Ал, жиіркен, ал, кеп құс...

Кейде өзімізше қаланың тазалығы, қоғамының тазалығы туралы айтамыз, талап етеміз. Онымыз дұрыс, әйтсе де, сол тазалықты әркім өзінен бастаса, өзінен талап етсе, өзін тәрбиелесе, қалай болар еді? Әрине, жақсы болар еді ғой! Әнебір жылдары шылымды көпшілік орындарда шегуге шектеу қойылды. Не істедік? Басында бұлқан-талқан болдық, бұрқылдадық, қарғандық-сілендік. Соңынан сол талапқа үйреніп кеттік. Кабинетте отырып темекі тартпаймыз, мейрамаханаларда тартпаймыз, қоғамдық автокөліктерде мүлде...

Астанаға барып жүріп байқадым, бұ қалада темекінің тұқылын көшеге тастай салуға болмайды екен. Міне, тәртіп, міне, тазалық! Осындай талап күшейсе, насыбайшылар да «жалқаяғын» көрінген жерге жалп еткізіп төге салмай, түзелер ме еді деген ой ғой біздікі. Ал, осындай жаман ғадеттен арылу тіпті де қиын емес шығар?

Дәурен Қуаттың жазбасы.

Ал Мемлекет басшысы жақында өткен Ұлтттық құрылтайда былай деген болатын:

"Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ."

0
0
346

Осы тақырып бойынша

Тоқаевтың насыбай туралы айтқаны желіде дау туғызып... - Yvision.kz