Мазмұнға өту
Обложка сообщества Дөңгеленген дүние

Тұңғыш киберспорттық Олимпиаданың қашан және қайда өтетіні белгілі болды

Шешім Парижде Халықаралық олимпиадалық комитеттің (ХОК) 142-ші сессиясы барысында қабылданды.

Фото: Yong Teck Lim / Getty Images

Сонымен, тұңғыш киберспорттық ойындар (Olympic Esports Games) 2025 жылы Сауд Арабиясында өткізіледі деген ұйғарым жасалыпты. Сондай-ақ осынау ірі жарыстарды ұйымдастыру үшін аталған елмен 12 жылдық серіктестік келісім бекітілген.

ХОК президенті Томас Бах бұл олимпиадалық комитеттің жаңа дәуірге қадам басуы екенін және осы саланың цифрлық революцияға сай болуға талпынып келе жатқанын атап өтті.

«Бұл – олимпиадалық бренд пен бүгінгі жастар арасында сақтап қалған құндылықтарымыздың тартымды болып тұрғандығының тағы бір дәлелі. Осы жоба Сауд Арабиясының Ұлттық олимпиадалық комитетіне мол тәжірибе әкеледі», – деп мәлімдеді Бах.

Оның сөзі бойынша, бұл бастаманы киберспорт қоғамдастығы ынта-ықыласпен қабылдаған. Айтқандай, ХОК басшысы осындай Олимпиада өткізу жөніндегі ойын 2023 жылдың қазанында жеткізген еді.

Оның алдында, яғни сол жылдың маусым айында Сингапурде тұңғыш рет киберспорттан Олимпиадалық апталық ұйымдастырылған. Оған 500 мыңнан адам қатысып, жарыстың трансляциясын 6 миллион көрермен қарады.

Жалпы, ХОК осы саламен 2018 жылдан бері айналысып келеді. Бұл халықаралық ұйым сол жылы киберспорт бойынша форум өткізіп, электрондық сайыстар жөніндегі комиссияны құрды.

Анықтама:

Киберспорт – компьютерлік ойындар негізінде ұйымдастырылатын командалық немесе жеке-дара жарыс.

0
0
261

Осы тақырып бойынша

Тұңғыш киберспорттық Олимпиаданың қашан және қайда өтетіні белгілі болды - Yvision.kz