Жазда ыстықтан қорғанудың жолдары
Қазақы уақыт өлшеміне салсақ, қырық күн шілденің аяқталуына әлі 10 күн бар. Ол одан ары қарай да созылуы мүмкін. Ауа райын болжаушылардың мәліметі соған меңзейді.
Фото: ТЖМ
Осындай кезде жұрттың ыстық өтіп, ауырып қалудан сақтанудың жолын іздейтіні аян. Ал бұл тұрғыда мамандар не дейді?
Ең алдымен күннің астында қара жұмыс істеуді, жалпы, жүріп-тұруды азайтқан жөн. Әсіресе, сағат 11:00 мен 16:00 арасында. Далаға тек таңғы және кешкі салқында ғана шығуға тырысыңыз.
Егер далаға тура күн күйіп тұрғанда шығу аса қажет болса, мынадай сақтық шаралары қаперіңізде жүрсін:
- күннен қорғайтын крем жағып алыңыз;
- бас киімсіз жүрмеңіз;
- бір жайға кіріп, салқындап алыңыз;
- таза матадан тігілген киім киіңіз.
Сонымен қатар жылырақ душқа түсу керек. Әдетте жұрт мұндайда мұздай суға шайынғанды дұрыс деп санайды. Бірақ бұл жерде жылы су пайдалырақ екен. Ал салқыны денедегі жылудың шығуына жол бермей қояды.
Көліктің ішінде бала мен ит-мысықты шамалы уақытқа да қалдыруға болмайды. Сыртта қатты ыстық болмаған күннің өзінде де жабық тұрған автокөліктің іші ысып кетеді. Құдай енді бетін әрі қылсын, осы тұрғыдағы салғырттықтың салдарынан перзентінен айырылған адамдар болды.
Сондай-ақ су мен азық-түлікті көлік ішінде сақтамаған дұрыс. Өйткені пластик бөтелке ыстықта зиянды заттар бөледі, ал азық тез бұзылады.
Айтқандай, алкогольдік және кофеині бар ішімдіктерге жоламаңыз. Себебі олар бойыңызды сұйықтықтан айырады.
Ақыры нені болмайды дегенді айтып жатыр екенбіз, бұл тұрғыда субұрқақ қалай дегенге келейік. Мамандардың айтуынша, оның суын салқындауға пайдаланудың керегі жоқ. Ең алдымен тазалық жағы еске түседі. Яғни ондағы су хауыздағыдай тазаланбайды, сүзгіден өтпейді. Сондықтан оған инфекция түсуі мүмкін. Техникалық жағынан қауіпті тұстары да бар. Оның үстіне субұрқаққа түсуге заң бойынша тыйым салынған. Оны бұзсаңыз, айыппұл төлейсіз.
