Журналист ауылдан қалаға келген қыздардың ауыр тағдыры туралы айтты
18 ҚАБАТТАН СЕКІРДІ

Алматыда бүгін тапа-тал түсте зәулім үйдің 18-ші қабатынан жап-жас қыз секіріп кетті. Әлбетте, бірден мерт болды, құтқару мүмкін емес еді.
Марқұм бұл ЖК-да тұрмайды екен, қонаққа да келмеген. Жәй ғана есікті ашты, подьезге кірді, лифтімен ең жоғарғы қабатқа көтерілді, балконға шықты да төмен құлдилады
22 жасар қыз бұл зәулім үйдің есігі кодсыз ашылатынын, 18-ші қабаттағы балконға еркін енуге болатынын қайдан білген? Яғни, алдын-ала өмірмен қоштасатын нүктесін белгілеген болуы әбден мүмкін. Өзі алматылық емес, ауылдан келген студент екен, Куәгерлер жүкті деседі.
Қалай десек те, ешкімнің басына бермесін. Ауылда отырып “Қызым үлкен қалада оқып жатыр” деген ата-анағв баласының мұндай өлімі қандай соққы екені айтпаса да белгілі.
Алматыда бәрі жетісіп жүрген жоқ, бір мезгіл жырақтағы ұл-қыздарыңыздың көңілін біліп, халін сұрап қойыңыздар!
Балалар аман болсын
***
Маған студент не оқып жатқан жас қыздар жиі жазады. Мысалы, Нарынқолдық Айнұр “әбден шаршап өмірден қажығанын айтады. Ата-анам маған сеніп отыр, той-томалақ ауылдағы көмір, тағам менің мойнымда. Анам қызым Алматыда жұмыс істеп жүр, қызым әкеледі дегенге көңілдерін қалдырғым келмейді. Өзім медбикемін, жан-жағыма қарыз болып, құр сүлдермен жүрмін. Ата-анама жоқ деп айта алмаймын, өліп қалатын шығармын” деп ағынан жарылып жазыпты. Оны жұбатып, өмірдің қиын сәттерінің артында жақсылық болатынын айтып сендіргендей болдым.
***
Шарадарадан келген Шолпан да 2 жерде жұмыс істеп, өзімді ұмыттым дейді. Анам “Алматыда қызым бар деп шағын ауылға жайып, бәрін сол әкеледі деп ай сайын тапқан-таянғанымды үйге салып отырамын. Өзімнің жалақымды тек квартираға қалдырамын. Бір басымда 4 кредит, одан қалса микрозаймға кіріп кеттім. Мамам енді 8 мартқа алтын әпер, черная кассада көршілерге мақтанайын деп отыр, әперемін ғой қалай әперпеймін. Енді ломбардқа қарыз боламын, не істеймін Тәте???? Бір жаққа қашып кеткім келеді”, деп жпзыпты.
Алматыда аман жүр талай қазақ жастары….
Журналист Гүлмира Әбіқайдың әлеуметтік желідегі жазбасы.
