Мазмұнға өту
Обложка сообщества История

Қазақи болмыс дегеніміз не және оны қалыптастыру жолдары хақында...

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 27 жыл болса да, қазақи болмысты қалыптастыру, қазақтың атын әлемге паш ету, қазақтардың төл мәдениеті мен әдебиетін дүние жүзіне таныстыру қажеттілігі туралы әлі күнге дейін айтып келе жатырмыз.

Әрине, қазақтың аты мен затын, мұндай халықтың бар екенін білмейтін елдердің бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Алайда осы біз әрдайым тек өзімізді біреуге таныту қажет деп жүріп, өімізді өзімізге таныта алмай келе жатқан жоқпыз ба?

Алдымен өзімізге біздің кім екенімізді, қайдан шыққанымызды, қайда бара жатқанымызды анықтап айта алатын халге жетуіміз керек сияқты. Себебі түбі бір түркі тілдес елдер қатарына кіреміз дей отыра, бізбен аталас болып саналатын халықтарды менсінбейміз. Мысалы, өзбектерді өзімізден кем көреміз, ал қырғыздарды кезінде Кенесары ханның басын орыс патшасына берген деп айыптаймыз. Әзірбайжандар тек түркі тілдес халық, олардың түп-тамыры кавказдықтар, біздің тілімізге ұқсас тілде сөйлейтіндері болмаса, бізбен үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын халық деп жататындар да бар. Әлемнің озық экономикаларының қатарына ілесіп келе жатқан Түркияны да менсінбейтіндер шығып жатады. Олар өздеріне керек болмаса, бізге қол ұшын созады ма дейтіндер де бар арамызда. Татарлар мен башқұрттарды да орыстанып кеткен деп айыптайтындар аз емес.

Сонда барлық халыққа қатысты ой-пікіріміз бар да, өзімізге келгенде, сайраған қызыл тіліміз жұтылып қалатын әдетін қашан қояр деп жүргенімізге ширек ғасырдан асып бара жатыр екен. Ойымды қорыта келе, әлемге паш етер алдында, алдымен нені паш етіп жатқанымызды біліп, зерделеп алғанымыз жөн деп санаймын. Қызыл кеңірдек болып айқайласпай, қазір елімізде жүзеге асырыла бастаған мемлекеттік бағдарламалар аясында толыққанды ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, ең басты сауалға жауап беріп алайық: қазақ деген өзі кім, оның ұлттық болмысы қандай? Ал осы сұрақтарға жауап берген, яғни өзінің болмысын білетін, алды мен артын сараптап ажырата алатын халық үшін өзін әлемге мойындату ауыр болмасы хақ.

1
2
3162

Осы тақырып бойынша